Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Бішкек қаласына барды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ақорда Қырғызстан билігі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевты қалай қарсы алғаны көрінетін кадрлар жариялады.
Мемлекет басшысын Манас әуежайынан Қырғызстан министрлер кабинетінің төрағасы - Қырғызстан президенті әкімшілігінің басшысы Ақылбек Жапаров күтіп алды.
Президентті ұлттық киім киген қыздар гүл шоқтарымен қарсы алды.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы Бішкекте Түркі мемлекеттері ұйымының саммитіне қатысады.
Айта кетейік, бұған дейін қырғызстандық БАҚ-та Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Бішкектегі Түркі мемлекеттері ұйымының XI саммитіне қатысатыны туралы ақпарат тарады. Кейінірек Президенттің кеңесшісі - баспасөз хатшысы Берік Уәли бұл ақпаратты растады.
"Париждегі бағдарлама аяқталғаннан кейін Мемлекет басшысы 6 қарашада Бішкекте өтетін Түркі мемлекеттері ұйымының XI саммитіне қатысу үшін Қырғызстанға барады", - деді Берік Уәли бұған дейін.
Саммиттің негізгі тақырыбы "Түркі әлемін нығайту: экономикалық интеграция, орнықты даму, цифрлық болашақ және қауіпсіздік" болмақ.
Еске салайық, Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғызстанға Франциядан ұшып барды. Өйткені бұған дейін Тоқаев президент Эмманюэль Макронның шақыруымен 4-5 қараша күндері Франция Республикасына мемлекеттік сапармен барды.
Президенттің Парижге сапарында мәдени ынтымақтастыққа, іскерлік келіссөздерге және маңызды оқиғаларға баса назар аударылды.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!