Қырғызстан азаматтары да қатысқан: Жамбыл облысында трансұлттық ҰҚТ әшкере болды

Қырғызстан азаматтары да қатысқан: Жамбыл облысында трансұлттық ҰҚТ әшкере болды
Фото: Видео кадры

Жамбыл облысында Қазақстан аумағына таңбалаусыз темекі өнімдерін заңсыз әкеліп, өткізумен айналысқан трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топ әшкере болды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Тергеу амалдарына сай Жамбыл облысының тұрғыны Қырғыз Республикасынан темекі өнімдерін заңсыз жеткізу арнасын ұйымдастырып, оларды өзіне бағынышты тұлғалар арқылы өткізген.

Контрафакт өнім Тараз қаласындағы сауда орындары арқылы сатылып, сондай-ақ, Алматы, Шымкент қалаларына, Қарағанды, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан және Түркістан облыстарына жөнелтілген.

"Тергеу барысында 30-дан аса тінту жүргізілді. Заңсыз айналымнан жалпы құны 293 млн теңге болатын 319 мыңнан аса қорап темекі өнімі тәркіленді. Төленбеген акциздердің сомасы - 115 млн теңге. Трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топтың құрамында тауарды жеткізу мен өзара есеп айырысуды қамтамасыз еткен Қырғыз Республикасының азаматтары болған", - деп жазылған ҚМА хабарламасында.

Қаржы айналымын жасыру мақсатында қылмысқа қатысушылар бейресми "Хавала" есеп айырысу жүйесін пайдаланған.

Сот санкциясымен өнімді тасымалдауға пайдаланылған үш көлікке тыйым салынды.

Бес күдікті қамауға алынды.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget