- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Қымызды Германия патенттеп...
Қымызды Германия патенттеп алғаны рас па? Әділет министрлігі жауап берді
Әділет министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәли қымызды неге патенттеу мүмкін еместігін түсіндірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ведомство өкілі журналистердің "Қымызды сусын ретінде немістер патенттеп алғаны рас па?" деген сұрағына жауап берді.
"Кейбір адамдар қымыз Германияда патенттеліп қойыпты деп шағымданып жүр. Оларға ол жақта қымыз бен бие сүтіне ешкім патент алмағанын мәлімдеймін. Иә, шынында да Германияда патент алғандар бар, бірақ қымыздың өзі емес, оның жасалу әдістерін патенттеген. Мәселен, қымызды құрғақ ұнтақтан, капсулада немесе брикеттелген пішінде жасаған", - деді Уәли.
Министрлік өкілінің сөзінше, ұлттық өтінім берушілер дәстүрлі өнімдерге, соның ішінде шұбат, құрт, қазы, ет қамыры және тағы басқалары бойынша соңғы технологияларды патенттеп алған. Ал қымыз жасау әдістеріне патент берілуі екіталай. Өйткені ғылыми жаңалық болатын критерийлерге сай келмейді.
"Қымызды тек біздің сусын деп патенттеп алу мүмкін емес. Бұған дейін Алматының апортын "географиялық көрсеткіш" ретінде шығу тегі Алматы екенін бекітіп алғанымызды айтқан едік. Яғни, апорттың Алматы төңірегінде өсетіндігін растауға болады. Ал биенің сүті, қымызы әлемде өндірілетін өнім болғандықтан оны тек Қазақстанға ғана тән деп айту орынсыз болады", - деді спикер елордада өткен брифингте.
Жасұлан Ордабаев
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
Massaget.kz