- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Қымбатшылықтан көпбалалы отбасылар...
Қымбатшылықтан көпбалалы отбасылар нан сатып ала алмай отыр - Жұмағазиев
Бүгінде қымбатшылық көпбалалы отбасыларға қатты тиіп жатыр. Олар дүкеннен нан сатып ала алмай отыр. Бұл туралы AMANAT партиясының хатшысы Эльдар Жұмағазиев айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Алдымен ол "Қарызсыз қоғам" жобасына тоқталды.
"Бүгінде 52 мың адамды оқыттық. Биылғы индикатив - 60 мың адамды оқыту. Әлеуметтік профильге тоқталайын. Жобаға қатысқандардың 1 пайызы - әйелдер, 56,9 пайызы - көпбалалы отбасылар, 10,7 пайызы - жұмыссыздар, 13 пайызы - 60-тан асқан зейнеткерлер", - деді Эльдар Жұмағазиев.
Эльдар Жұмағазиев жобаға қатысып, оқығандар арасында арнайы сауалнама жүргізілгенін айтты.
"Онда олар несиені неге алғанын түсіндірді. Деректерге сүйенсек, көпбалалы отбасылар кредитті балаларды киіндіруге алады екен. 1 қыркүйек жақындағанда олар көп шығынданады. Олар мешіттер, партия, әкімдік көмектесетінін, бірақ бұл көмек жетпейтінін айтады. Бала көп, қыстық киім алу керек және тағы басқа мәселелер бар.
Олар қыс жақындағанда жаппай көмір алады. Балалардың саны көбейген сайын үйдің ауқымы да өседі дейді. Үйдің жанынан тағы бір бөлме саламыз деп және тағы басқа мақсаттарға несие алады. Сонымен қатар техника алу, той өткізу және тағы басқа шығындары бар", - деді ол.
AMANAT партиясының хатшысы қымбатшылық көпбалалы отбасыларға қатты тиіп жатқанын жеткізді.
"Тағы бір негізгі мәселе - азық-түлік. Олар күннен күнге отбасыны асырау да қиындап жатқанын айтады. Олар біз дүкеннен нан алмаймыз дейді. Айына 4-5 қап ұн алады. Қазіргі қымбатшылық оларға қатты тиіп жатыр. Бұл отбасылар күніне 10 дана нан басамыз дейді. Сөйтіп балаларымызды асырап отыр екен. Қазіргі мектептегі балаларды тегін тамақтандыру осы осыларға үлкен қолғабыс болып отыр", - деді Эльдар Жұмағазиев.
Аяз Есен
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
Massaget.kz