Үкіметтің кеңейтілген отырысында айтылған қосымша құн салығы мөлшерін (ҚҚС) көтеру ұсынысынан кейін елде қымбатшылық мәселесі талқыланып жатыр. Massaget.kz тілшісі жұрт арасында тараған болжамға байланысты экономиспен сұхбаттасты.
Ербосын Нұрмахан
экономист-сарапшы
Экономист Ербосын Нұрмұхан Үкіметтің бұл шешімін "бюджеттік дефициттің айқын көрінісі" деп бағалады. Оның сөзінше, үкімет ҚҚС мөлшерін көтерсе де, елдің әлеуметтік жағдайын түсірмейтіндей ұтымды бағдарламалар ойлап табуы керек.
"Үкімет бюджеттік тапшылықты игеру үшін амалсыз салықты көтеріп отыр. Бұл - ең оңай әдіс. Үкіметтің кіріс көзі салықтың өзі. Әлеуметтік шығындар көбейіп кеткен соң, үкімет салықты көтеру деген шешімге амалсыз келіп отыр. Халықты дұрыс тіршілікке үйрету - үкіметтің міндеті. Салықты көбейтсе де әлеуметтік жағдайға кері әсерін тигізбейтін мемлекеттік бағдарламалар әзірлеп, қымбатшылықты жеңілдететін ұтымды әдістер ойлап табуға болады. Ал халық қымбатшылықты еңсеруіне тура келеді", - дейді сарапшы.
Сарапшы қымбатшылық алдында қара халық білуі тиіс бірнеше кеңестерін бөлісті.
Ербосын Нұрмахан елімізде қымбатшылықтың жылдар бойы жалғасып келе жатқанын жасырмады. Оның сөзінше, бұл бір қорқатын, алаңдайтын кезең емес.
"Қазақстанда қымбатшылық әркез келе жатқан нәрсе ғой. Біз үнемі қымбатшылықта өмір сүріп келе жатқан елміз. Қазақта сөз бар ғой: "тарта жесең, тай қалар, қоя жесең, қой қалар, қоймай жесең не қалар?!" деген. Сол секілді, бізге тек үнемдеуді дұрыс үйрену керекпіз. Үнемдеп, табысымызды арттыра түссек, алдағы қымбатшылықты еңсеруге болады", - деп пікір білдірді ол.
Еске салайық, 28 қаңтарда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында премьер-министр Олжас Бектенов Қазақстанда қосымша құн салығының (ҚҚС) мөлшерлемесін көтеру қажеттігін айтты. Ал премьер-министрдің орынбасары, Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин бұл өзгерістің елдегі қымбатшылыққа сөзсіз әсер ететінін ашық айтқан болатын.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!