Қазақстанда ипотекаға сұраныс жыл басында төмендегені байқалады, бұл үрдіс енді қайта жандана бастаған. Алайда нарықтағы өсім негізінен "Отбасы банктің" жеңілдетілген бағдарламалары арқылы берілетін несие есебінен болып отыр. Ал екінші деңгейлі банктердің ипотекалық өнімдері азайып келеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы мәліметінше, биыл алғашқы алты айда ипотека алуға 419,2 мың өтініш түскен. Бұл былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 13,4 пайызға аз. Бірінші тоқсанда өтініш саны 20,8 пайызға төмендесе, екінші тоқсанда 18,7 пайызға қайта өскен.
Сарапшылар ипотекаға сұраныс төмендеуін тұрғын үй қымбаттауымен байланыстырып отыр. Дегенмен жаңа ипотекалық несие беру көлемі 12,4 пайызға өсіп, 1,1 триллион теңгеге жеткен.
Бұл өсімге "Отбасы банктің" несиелері айтарлықтай әсер еткен. Банктің берген ипотекалық несиесі 32,8 пайызға артып, 916,7 миллиард теңгеге жеткен. Ал екінші деңгейлі банктердің ипотекалық өнімдері 39 пайызға қысқарып, 161,5 миллиард теңге болған.
Осылайша, банктегі ипотеканың нарықтағы үлесі бір жыл ішінде 26,2 пайыздан 14,3 пайызға дейін төмендеген.
Қазір Қазақстандағы ипотекалық несие портфелі 7,5 триллион теңге шамасында. Оның 4,4 триллион теңгесі, яғни шамамен 60 пайызы "Отбасы банкке" тиесілі.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!