Өскеменде өткен жиынға облыс прокуроры Алмат Байшолақов қатысып, жауапты тұлғалар ауыл шаруашылығының мүшкіл халін айтты. "ҚазАгроҚаржы" АҚ мен "Аграрлық несие корпорациясы" АҚ өкілдері келтірген деректер де көңіл көншітпейді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Шығынға батқан шаруалар
ШҚО прокуратурасы қоғамдық қызығушылықты қорғау бойынша басқарма басшысы Жандос Қоңыровтың айтуынша, дәнді дақылдарға обал болды.
"Тоқтаусыз жауған жаңбыр өнім көлеміне айтарлықтай кері әсерін тигізді. Бидай сапасы төмендеп, ылғалдылық артты. Соңында рефакцияға (тауар бағасының кемуі) әкелді. Жедел ақпараттарға сүйенсек, 2023 жылдың 15-і қарашасында 270 мың га алқапта дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар жиналды. Өнім мол көлемде жиналса да, статистика аудандар көлемінде диқандардың шығынға ұшырағандарын көрсетті. Келтірілген деректерге қарасақ, азды-көпті табыс түскендей байқалуы мүмкін. Бірақ түптеп келгенде, шағын жер учаскесі бар шаруалар өнімдерінен түгелдей айырылды", – деді ол.
Ресми ақпаратқа сүйенсек, Ұлан ауданында – 14%, Шемонаиха ауданы – 3%, Алтай ауданында – 10% және Глубокое ауданында – 2,5% өнім жиналмай қалды. Онымен қоса, өніп кеткен бидай ұн әзірлеуге де жарамай, шығын етектен тартты. Бір келісін 180 теңгеден сатып алған күнбағысты күзден бастап 70 теңгеден сатуға мәжбүр. Осының есеп-қисабын шығарған мамандар ауылшаруашылық тауар өндірушілерінің егіні ысырап болып, өнімнен қағылғандарын жеткізді. Экспресс-сараптама қорытындысына сүйенген прокуратура "мемлекет тарапынан 17 шаруа қожалығы қолдауға мұқтаж" деп алдын ала болжамдарын ұсынды.
Мемлекеттен қолдау бар ма?
Прокуратура ұсынған мәліметке сәйкес, аймақта алдымен дәнді дақылдардың, артынша ұнның қымбаттауы күтіледі. Бүгінде бидайдың бір келісі 120-130 теңге шамасында. Естеріңізде болса, тамыз айында 90 теңге болған еді.
Облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Рамиль Сағандықовтың сөзінше, өңір бойынша бес мың гектар алқапта егін жиналмады.
"Мемлекеттен қолдау ретінде облысқа 8,5 мың тонна жеңілдетілген бағамен дизель отыны және кептіруге 7 мың тонна майлы дақылдар жеткізілді. Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін субсидияландыру бағдарламасына сәйкес аймақ бойынша әртүрлі бағытқа деп 26 млрд теңге бөлінді. Бүгінде тағы 10 млрд теңгеге қажеттілік байқалады. 22-ші қараша күнгі мәліметке сәйкес 5,9 млрд теңгені бөлу мақұлданып, асыл тұқымды мал, дақылдарға тұқым сатып алу мәселесі шешіміп тапты", – деді Рамиль Нығметжанұлы.
Республикалық тұқым өсірушілер Палатасының төрағасы Фарид Абитаевтың айтуынша, субсидия төңірегіндегі Шығыс Қазақстанның қарызы үнемі келесі жылға қалдырылып отырады. Соның нәтижесінде шаруаларға ақшасы қайтарылып, "бюджетте ақша жоқ" деген желеумен субсидия берілмей келеді.
Асыл Бигелді
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!