- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Қылыш айналдыру шоуы,...
Қылыш айналдыру шоуы, Ыстамбұлға билеттер ұтысы және ұлттық ойындар сайысы. Түркістандағы фестивальде қонақтарға не ұсынылады?
23 қыркүйек күні Түркістандағы KaravanSaray Arena алаңында ашық аспан астындағы The Spirit of Turkistan музыкалық және технологиялық шоуы өтеді. Фестиваль қонақтарына әлемнің түкпір-түкпірінен жеткен этникалық музыка ғана емес, көптеген белсенді іс-шаралар да ұсынылмақ, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Шаһар тұрғындары мен қонақтарын таңғалдырып, көңілінен шығу үшін ұйымдастырушылар барынша күш салған.
Түс кезінде KaravanSaray Arena аумағында қаланың қарбалас тіршілігін ұмыттыратын шығыс базары ашылады. Мұнда келген қонақтар тандырдан шыққан ыстық өнімдер мен хош иісті шығыс тәттілерінің дәмін татып, қолөнер шеберлерінің туындыларын тамашалайды. Келушілер жұмсақ саз, киіз, табиғи былғарыдан жасалған бұйымдар мен ағаштан ойылған туындыларды сатып ала алады.
Сағат 13:00 мен 18:00 аралығында фестиваль аумағында қазақтың "Бес Асық", "Асық ату" және "Өгіз тартыс" ұлттық ойындарынан тартысты сайыстар өтеді.
Нағыз шығыс ертегісіндегідей қызықты сайыстарда күш сынап көріп, Turan Mall Turkestan ұсынған сыйлықтарға ие болыңызар. Олар: қызыққа толы Activity Park Baloo-ға тегін баруға мүмкіндік беретін 10 купон, кино әлеміне бойлап, жайлы атмосферада фильм көруге болатын Prime Cinema-ға 10 билет, ал бас жүлде - OnFit Lite жаттығу залына тегін абонемент.
Әсерлі ойын-сауық шараларын ұнататындар үшін сағат 13:00-де қылыштар шоуы ұсынылмақ. "Орда" этно-жобасының батырлар кейпіндегі актерлары қылыш айналдыру шеберлігін көрсетеді. Алып батырлармен киіз үйлердің маңындағы фотоаумақта суретке түсуге де болады. Сағат 17:00-ге қарай олар қонақтарды отпен билеу салттық биімен таңғалдырмақ. Бұл көнеден келе жатқан би өткен дәуірлер арасын жалғап, ғасырлар қойнауында жатқан сыр мен құпияны сақтап тұрғандай әсер береді.
Фестиваль қонақтарына дайындалған тағы бір тосынсый - қазақ оюлары салынатын шығыс стиліндегі грим. Гримді сағат 15:00 мен 22:00 аралығында жасатуға болады. Грим жасатып, өзіңізді нағыз Шығыс ханшайымындай сезініп, этникалық фестивальдің көркін аша түсіңіздер.
Ал десертке - сұйық азоттың көмегімен қымыздан жасалған балмұздақ. Ерекше тәтті өнімді "Сандық" ресторанының аспаздары дайындайды. Ұлттық тағамдар ұсынылатын фудкортқа баруды да ұмытпаңыздар, ол күні бойы жұмыс істейді.
The Spirit of Turkistan фестивалінің музыкалық бөлігі 18:00-де басталады, көрермендерге 6 мемлекеттің музыкалық мұрасы ұсынылмақ. Сахнада "Hassak" (Қазақстан), "DJ Puza" (Қазақстан), "Tengri" (Қазақстан), "Kerekes Band" (Мажарстан), "Avesto" (Тәжікстан), "Beeble" (Италия), "Kolektif Istanbul" (Түркия), "Abbos" (Өзбекстан) секілді әйгілі әртістер өнер көрсетеді. Музыканттар әуендер мен стильдер үйлесімін, этникалық музыканың сан алуан түрін паш етеді.
Еске салайық, фестиваль аясында Fly Arystan әуе компаниясынан Ыстамбұлға 4 билеттің ұтысы ұйымдастырылады. Конкурстың шарттарын толық орындаған фестиваль қонақтары ұтысқа қатысып, 4 билеттің біріне қол жеткізе алады.
23 қыркүйек күні KaravanSaray Arena алаңында кездескенше! Кіру тегін.
The Spirit of Turkistan фестивалі Kazakh Tourism қолдауымен өтіп жатыр. Жобаның бас серіктесі - Kaspi.kz.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
С. Бөлек