Қазақстанда психотроп заттарды заңсыз өндірумен және таратумен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топ мүшесі Ресейден экстрадицияланды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бас прокуратура Қазақстан азаматын экстрадициялаған. Ол қылмыстық топ мүшесі болған, Теміртау қаласында аса ірі мөлшердегі есірткі өндірісін ұйымдастырған. Кейін психотроп заттар Қарағанды облысы аумағында таратылған.
Олар қылмыстық әрекет нәтижесінде келген 1,8 млрд теңгеден аса және 600 млн теңгеден аса қаражатты заңдастырған. Бұл активтерді мемлекет кірісіне тәркілеу мақсатында оларға тыйым салынған.
Сондай-ақ, қылмыстық топ мүшелерінен 10 келіге жуық мефедрон тәркіленген.
"Күдікті қылмыстық қудалау органдарынан жасырынуына байланысты оған халықаралық іздеу жарияланған. Ол былтыр қазанда Ресей аумағында ұсталып, Бас прокуратураның сұрауы бойынша Қазақстанға экстрадицияланды. Күдікті тергеу изоляторына қамалды", - деп жазылған хабарламада.
Айта кетейік, осы қылмыстық топтың тағы бір белсенді мүшесі екі ай бұрын Грузиядан экстрадицияланған.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!