Қылмыстық топ құрып, 2 млрд теңгеге жуық қаржыны қалтаға басқан адам Қырғызстаннан экстрадицияланды

Ақша жымқырды деген күдікті Қырғызстаннан экстрадицияланды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бас прокуратураның сұрауы бойынша Қазақстан азаматы экстрадицияланған. Ол жәбірленушілер мен екінші деңгейлі банктердің ақшасын жымқырды деген күдікке ілінген.

Тергеу барысында 2022-2024 жылдар аралығында Қазақстанның үш азаматы ұйымдасқан қылмыстық топ құрып, қайтарылмайтыны алдын ала белгілі болған несие рәсімдеу схемасын әзірлегені анықталған.

Олар қылмыстық жоспарды жүзеге асыру үшін азаматтарды көлік сатып алуға банктен несие алуға тартқан. Кейін қаскөйлер көліктерді сатып, түскен ақшаны өз қажетіне жұмсаған. Бұдан бөлек, қылмыстық топ мүшелері іс жүзінде жоқ көліктерге банктен несие рәсімдеп, тағы бір алаяқтық схеманы қолданған. Ол үшін ойдан шығарылған көлік Алматы қаласының Арнайы халыққа қызмет көрсету орталығында Қырғыз Республикасынан әкелінгендей етіп заңсыз тіркелген.

Заңсыз әрекет салдарынан екі қаржы ұйымы мен 77 жәбірленушіге жалпы сомасы 1,8 миллиард теңгеден аса материалдық шығын келген.

"Қылмыстық топтың екі мүшесіне қатысты тергеу аяқталып, қылмыстық іс сотқа жолданды. Үшінші қатысушы қылмыс жасағаннан кейін тергеу органдарынан жасырынып, оған іздеу жарияланған. Ол жедел іздестіру іс-шаралары нәтижесінде Қырғыз Республикасы аумағында ұсталды. Кейін Бас прокуратураның сұрауы бойынша елге экстрадицияланды. Қазір күдікті тергеу изоляторына қамалды", - деп жазылған хабарламада.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!