- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Қылмыскер сен қыз...
"Қылмыскер сен қыз екенсің деп қарап тұрмайды". СОБР-да жұмыс істейтін сұлулар жайлы не білеміз?
Семейдегі арнайы жасақ қызметінде қыздар да жұмыс істейді. Анель, Балжан, Зарина мен Қымбат сынды арулар ерлермен қатар еңбек етіп жүр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Олар бір қарағанда, қарапайым қыздар секілді көрінеді. Бірақ бұл жұмысқа үлкен қиындықпен, бірнеше іріктеуден өтіп келгенін екінің бірі біле бермейді. Мәселен, Анель - киокушинкай карате мен кикбоксингтен спорт шебері, Қазақстан Республикасының бірнеше дүркін чемпионы. Олардың әр күні таңғы сапқа тұрудан басталады. Содан кейін әр қызметкердің алдына нақты міндет қойылады. Жедел тапсырма түссе шұғыл аттануға дайын тұрады.
"Мен қазір жұмыстамын. Спорт, үздіксіз жаттығу мен темірдей тәртіп, мұның бәрі маған ұнайды. Бір жылдай уақыт бұрын қылмыскерлерді ұстадық. Көбіне үлкен шараларда қоғамдық қауіпсіздіктің сақталуын қадағалаймыз", - дейді Анель.
Қыздардың көп уақыты жаттығумен өтеді.
"Күніне 3-4 сағат спорт залда жаттығамыз. Жүгіреміз, темір көтереміз. Арнайы жасақ қызметкері жынысына қарамастан, үнемі формада болуы керек. Бұл жерде қыз, жігіт деген әңгіме жоқ. Қылмыскер сен қыз екенсің деп қарап тұрмайды. Кез келген сәтте өміріңе қауіп төндіруі мүмкін. Сен оны аяғанмен, ол сені аямайды. Қыз деген атымыз болмаса, форма кигенде бәріміз бірдейміз", - дейді арнайы жасақтағы қыздар.
Айта кетейік, 2019 жылы ішкі істер министрінің бұйрығымен арнайы жасақтың қыздардан құралған взводы жасақталған болатын.
Айбын Алтай
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Қ. Әбілдәқызы