- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Қылмысқа тартылуыңыз мүмкін"....
"Қылмысқа тартылуыңыз мүмкін". Қоғам белсендісі Досаевқа наразылығын жеткізді
Алматы әкімі Ерболат Досаевтың Алмалы ауданы тұрғындарымен кездесуінде қоғам белсендісі қала басшысына наразылығын жеткізді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Өзін қоғам белсендісі деп таныстырған Мейірхан Әбдіманапов қала әкімінің митинг ұйымдастыруға рұқсат бермегеніне наразы екенін жеткізді.
"Маған бір топ белсенділер тапсырма беріп еді. Шамамен бес адам АЭС-ке қарсы Алматыда митинг өткізуіне сізге арыз беріпті. Үш алаңның кез келгенінде митинг өткізуге рұқсат бере ме? Осы жөнінде сіздің пікіріңізді білгісі келеді.
Осыдан туындайтын тағы бір сұрақ: неге соларға (митинг ұйымдастыруға-еск.) рұқсат беру не бермеу, оны заңды не заңсыз деп жариялайтын сіздің қандай құқығыңыз бар? Егер митинг өтсе ол заңсыз деп қаулы шығарасыз. Ол Конституцияға, заң құқығы жөніндегі халықаралық Конвенцияға қайшы. Бұл сіздің құзырыңызда жоқ. Заң қызметкерлерінің ісіне араласып, соларға нұсқау бересіз. Полиция сіздің қаулыңыздың негізінде біздің үстімізден әкімшілік іс қозғайды, айыппұл салады немесе 15-20 тәулікке қамайды. Ал сіздің ондай қаулы шығаруға хақыңыз жоқ. Бұл бойынша Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексі бойынша 450, 361, 362. 363 және 369 бабы бойынша сіз қылмысқа тартылуыңыз мүмкін. Соны білесіз бе? Ол жайлы не айтасыз?", - дейді қоғам белсендісі.
Қала басшысы Ерболат Досаев тұрғынның айыптауына жауап берді.
"Әкімшілік дұрыс істеп жатыр ма, әлде жоқ па - сотқа барып шешу өзіңіздің парызыңыз. Ондай құжаттармен сізге кіруге болады. Басқа жұмыстың бәрін заң бойынша істеп жатырмыз. Конституцияны атап өттіңіз: өзіңізге белгілі, осы жылдан бастап Конституциялық сот бар. Сол жерге өзіңіздің арызыңызды жаза аласыз", - деп түсіндірді Ерболат Досаев.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
С. Сатыбалдина