- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Қылмысқа жол берген...
"Қылмысқа жол берген - 30 жылдық ескі жүйенің шабармандары". Депутат су тасқынына кінәлілерді атады
Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев депутаттық сауалында су тасқынынан зардап шеккен халықтың жай-күйін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ол "арнасынан адасып аққан судың салдарынан өмір бойы жиған-терген дүниесінен, үйінен, мал-мүлкінен, қара шаңырағынан қапыда айрылған ағайынның" өтінішін жеткізді.
"Қазақ "Алпыс күн тасыған су, Алты күнде қайтар" дейді. Бірақ қайтқан су әкелген қайғысын әкетпейді. Қазір еліміздің жартысы қарғын судың қақпанында қалды. ...Жұмысына салғырт қараған мемлекеттік қызметкерлердің ешқайсының лауазымына, тегіне қарамастан жазаға тарту керек. Бұл Президенттің және елдің нақты талабы", - деді ол.
Оның сөзінше, аптаның аяғында қарғын судан қатты зардап шеккен Атырау облысындағы Құлсары қаласы мен Батыс Қазақстан облысына аяқтай барған. Құлсарыда 2900 үй су астында қалған.
"Батыс Қазақстан облысындағы ахуал да көңіл көншітпейді, қазірдің өзінде 1226 үйді, 1905 саяжайды су басып қалған. 450 үй қирап қалды. Ендігі қатер Жайық өзенінен. Жайықтың көрші елдегі ең жоғарғы деңгейі 11,87 метр болды, енді сол су біздің елге қарай жөңкілеп келеді.
Жайық өзені БҚО-ң 600 шақырым жеріне ағып өтеді, ондағы арнаның ең биік нүктесі - 8,5 метр. Демек келе жатқан су қалыптағыдан 3 метрден аса жоғары. Жайықтың бойында 84 елді мекен бар, ол жақта 126 000 адам тұрады деген дерек алдық. Ел елеңдеп отыр, үрей де жоқ емес", - деді ол.
Сонымен қатар, депутат су басқан өңірлердегі басты мәселенің бірі өтемақы екенін мәлімдеді.
"Ол халыққа жедел және әділетті, толық көлемде төленуге тиіс және комиссиялар су кеткенін күтпей қазірден бастап үйлерге жүзіп барып аралық акт жасауы шарт. Бұл өңірдегі басты мәселелер", - деді Аралбайұлы.
Ол қоғамда ақпараттық соғыс жүріп жатқанын да жоққа шығармады.
"Қате ақпарат - қатер. Қазір судың ағынымен қатар, ақпарат ағыны да қауіп төндіріп тұр. Қарапайым халықты кедейлікке әкелген бұрынғы жүйенің бай-бағландары қазіргі табиғи апаттан ұпай жинау үшін жанталасып жатыр. "Құлқынның құлы болғанша, Халқыңның ұлы бол" дегенді 30 жыл бойы құлағына қыстырмағандар қазіргі жағдайды саяси есеп айырысудың құралына айналдыру үшін өлімдесуде", - деді ол.
Нартай Аралбайұлы биылғы тасқынның алдын алу неге мүмкін болмады деген сұрақ туындайтынын айтады. Оның пікірінше, бұған себеп - ғылымға жағдай жасалмауы. Салдарынан 90-шы жылдардың тоқырауында 40 мың ғалым саланы тастап кетуге мәжбүр болған.
"Қазіргі су тасқынының бетін қайтаруы тиіс болған бөгеттер мен бөгендердің салынбауы, каналдардың ретке келтірілмеуі 30 жыл бойғы салғырттық екенін, 30 жыл бойғы жемқорлық екенін тәуелсіздік алғалы қазақты қан қақсатып тонағандар мойындағысы келмейді, әрине. Қазақстандағы су қоймалары мен бөгеттер 50-70 жылдары салынған. 1990 жылдан ол жерлер жөндеу көрмеген. Жаңа су қоймалары салынбаған.
Осынша олқылыққа, яки қылмысқа жол берген 30 жылдық ескі жүйенің шабармандары, бүгінгі жаңа буынға қарсы ақпараттық соғыс ашып әлек.
Олар жалған ақпараттың жарға жығатынын білсе де, ағайынды арандату үшін барын салып әлек. Бірақ қазақтың бірлікті бірінші орынға қоятынын және ұлтының қамын құлқынының қамынан артық қойғандарды ұмытпайтынын білу керек олар", - деді ол.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова