Қыжылға мән бермеген әйел асқазанының үштен екі бөлігінен айырылды

Қыжылға мән бермеген әйел асқазанының үштен екі бөлігінен айырылды
Фото: depositphotos.com

Екатеринбургте дәрігерлер ұзақ уақыт бойы қыжылға мән бермей жүрген 48 жастағы әйелдің өмірін сақтап қалды. Науқас қауіпті белгілерді бұрыннан сезгенімен, дәрігерге баруға асықпаған. Өздігінен емделгенімен, оның бұл әрекеті көмектеспеген, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Екатеринбургте дәрігерлер ұзақ уақыт бойы қыжылға мән бермей жүрген 48 жастағы әйелдің өмірін сақтап қалды. Науқас қауіпті белгілерді бұрыннан сезгенімен, дәрігерге баруға асықпаған. Өздігінен емделгенімен, оның бұл әрекеті көмектеспеген.

Әйелді ара-тұра қыжыл мазалап, тамақ ішкеннен кейін асқазаны ауырлап жүрген. Алайда ол мұны аса қауіпті белгі деп қабылдамай, өз бетінше емделуге тырысқан. Бір күні үйреншікті жайсыздықтың орнына іш тұсында қатты, өткір ауырсыну пайда болады. Бұл жағдай мамыр мерекелері қарсаңында болған.

Жедел жәрдем оны №14 қалалық клиникалық ауруханаға жеткізген кезде дәрігерлер бірден шұғыл хирургиялық жағдай болуы мүмкін деп күдіктенген. Шұғыл тексеру күдікті растады: әйелде асқазанның жедел тесілген ойық жарасы анықталған. Ауру асқынып, ұйқы безі басының қабынуына және жайылған перитонитке әкелген.

Свердлов облысы Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, науқасқа бірнеше сағатқа созылған күрделі операция жасалды. Хирургтер лапароскопия мен лапаротомия әдістерін қатар қолданып, әйелдің асқазанының үштен екі бөлігін алып тастады. Сондай-ақ құрсақ қуысын тазалап, дренаж орнатты.

12 күннен кейін дәрігерлер науқасты үйіне шығаруға рұқсат берген. Қазір оның өміріне қауіп төніп тұрған жоқ. Дегенмен енді ол асқынудың алдын алу үшін тамақтану тәртібін түбегейлі өзгертуі керек.

Асқазан жарасы неден пайда болады?

Асқазан жарасы – асқазан қабырғасының зақымдануы. Ол тек шырышты қабатты ғана емес, одан да терең қабаттарды қамтуы мүмкін.

Гастроэнтеролог Мария Лопатинаның айтуынша, бұл ауру асқазанның шырышты қабаты өзін тұз қышқылының зақымдаушы әсерінен қорғай алмаған кезде дамиды.

Дәрігердің сөзінше, асқазан жарасының көп жағдайда екі негізгі себебі болады:

  • Helicobacter pylori бактериясы;
  • стероидты емес қабынуға қарсы препараттарды, яғни ауырсынуды басатын дәрілерді жиі қабылдау.

Мұндай дәрілер шырышты қабатты қорғайтын факторлардың түзілуіне қажет ферменттердің жұмысын тежейді. Соның салдарынан асқазан қабырғасы зақымданып, жара пайда болуы мүмкін.

Мамандар асқазан жарасының белгілеріне іштің жоғарғы бөлігінің ауыруы, тамақтан кейін тез тойып қалу, жүрек айну, құсу, іштің кебуі және кекіру жататынын айтады.

Дәрігерлер қыжыл, асқазандағы ауырлық немесе іштің жиі ауыруы ұзақ уақыт мазаласа, өздігінен емделмей, міндетті түрде маманға қаралу қажет екенін ескертеді.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

С. Бөлек
Logotype Massaget