- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- #КвартирникTengri. Бүгін Insta-Live...
#КвартирникTengri. Бүгін Insta-Live эфирінде Салтанат Бақаева
Alash Media Group медиахолдингі және Pantograph продюсерлік орталығы #КвартирникTengri онлайн-концерттер сериясын жалғастырады. Бүгін, 30 сәуір, сағат 21:00-де әнші Салтанат Бақаевамен Insta-Live өтеді. Әнші карантин кезінде үйден шықпауға тырысатынын айтады.
- Карантин кезінде көбіне үйдеміз. Мүлде үйден шықпаймыз. Біз жер үйде тұрғандықтан балалармен аулаға шығып, қайтадан кіріп жүреміз. Балаларға көп көңіл бөлеміз. Ас үйден шықпаймын. Күні бойы сол тамақ, ыдыс жуу деген сияқты. Бұл, шын мәнінде, өте жақсы уақыт. Жақындарыңа, балаларыңа, көңіл бөлесі. Әйтпесе біз, әртістер, көбіне гастролдік сапарда көп жүреміз. Балаларға, жолдасымызға көп уақыт бөле алмаймыз. Сондықтан осы карантинде барынша бірге жүрміз", - дейді әнші.
Салтанат Бақаева оқырмандарға карантин уақытын ұтымды пайдалану жолдарын айтып берді. Оның айтуынша, қазіргі сәтте балаларға көбірек көңіл бөлген дұрыс.
- Әр адам өзінің хоббиін тауып алатын шығар. Мүмкін істеймін деген адамға іс әрқашан табылады. Сондықтан тек ойланып, іздесе. Көбіне балаларға көңіл бөліп, бірге ойнап, бүкіл уақытыңызды балаларға бөлсеңіз қуанып қалады. Олардың есінде қалады. Есейгенде есіне алып, рахаттанып отыратын сәттері болады деп ойлаймын. Мен өз басым балалармен бірге болғанды қалаймын. Балаларыма тәтті тағамдар жасап беремін. Солай уақытымды бөлемін. Көрермендерге де сондай кеңес беремін", - дейді Салтанат.
Салтанат тікелей эфирде көбіне қазақ тілінде көңілді әндер орындайтынын айтты.
- Эфирде көбіне көңілді, қазақша әндер болады. Себебі мен жалпы қазақ тілінде ән айтамын. Әзірге орыс тілінде репертуарымда ән жоқ. Сондықтан бүкіл әндерім қазақ тілінде, көңілді болады. Қазір мұңайып жүрген адамдардың көңілін барынша көтеруге тырысамын. Әрине, домбырамен де бір ән айтамын. Әуезов театрында жұмыс істеп жүргендіктен, "Қыз Жібек" ролінде ойнағандықтан операның бір ариясын орындаймын деп ойлап отырмын. Концерт сіздердің көңілдеріңізден шығады деп үміттенемін", - деді әнші.
Айта кетейік, Салтанат Бақаева 1987 жылы 24 қыркүйекте Алматы облысы Талғарда туған. Қазақстандық эстрада әншісі, кино және театр актрисасы. Қазақстан Жастар Одағы "Серпер" сыйлығының иегері. 2009 жылдан "Арнау" дуэтінің әншісі.
#КвартирникTengri жобасы COVID-19 вирусымен күрес кезінде үйде қалып, қауіпсіздік шараларын сақтаудың маңызына мән береді. Бұған дейін жоба аясында Urker тобы, Motor-Roller рок-тобының әншісі Ілияс Аутов, әнші Son Pascal, BluesMotel Indie-rock-тобы, Luina, Ayree, Argymak этнорок-тобының фронтмені Ринат Рамазанов, әнші Алиса Вокс және "Конец фильма" тобының әншісі Евгений Феклистов, Меруерт Түсіпбаева, Ұшқын Жамалбек, Мирас Жүгінісов, Қарақат Әбілдина және тағы басқа әншілер өнер көрсетті .
Н. Үсенова