- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Күзетшілік қызмет қылған...
"Күзетшілік қызмет қылған кездерім де болды". Сәкен Майғазиев үйленгеннен кейінгі қиындықтары туралы айтты
Белгілі әнші, "МузАрт" тобының мүшесі Сәкен Майғазиев жұбайы Динарамен отасқанына 25 жыл толуына орай, үйленгеннен кейінгі естеліктерімен бөлісті. Айтуынша, алғашқы жылдары ол дүңгіршекте нан сатып, зауытта күзетші болып жұмыс істеген, - деп хабарлайды Мassaget.kz.
"Бірінші көзіне, содан соң өзіне ғашық болған жанмен отандасқанымызға бүгін 25 жыл! 25 шілде біздің күміс тойымыз, бір Аллаға мақтаулар болсын! Төрт жыл достықтан кейін, 1997 жылдың 25 шілдесінде Торғайдың қызы Теріскейге келін болып түсті.
Барлығы біз ойлағандай, сіз көргендей (кинодағыдай немесе ертегідегідей) бола қойған жоқ. Қуанышты да, қиындықты да қатар көріп келеміз. Бірде бар, бірде жоқ, бірде аш, бірде тоқ, дегендей... Жатақханадан жатақханаға, пәтерден пәтерге көштік. Қақаған қыста ұлтарақтай дүңгіршекте (киоск) түнеп, жаурап-жасынап нан сатқан күндеріміз де болды. Кірпіш зауытында жұмыс жасап, күзетшілік қызмет қылған кездерім де болды.
Мейрамханаларда ән шырқап (тоғыз тілде), нәпақамызды тауып, АЛЛА тағала несібемізді еселеген сәттер де болды. "МузАРТ" тобы құрылып, үлкен сахнаға жолдама алдық. Қасиетті халықтың қошеметін көрдік. Қандай ортада жүрмейін, жүрегімнің ішіндегі жүрегім қызғаныш деген қызыл иттің жетегіне ермеді. Қолдады. Қалықтау мен құлдырау күн мен түн құсап кезектесіп тұрады емес пе, бәрін бірге көтердік, көтере де бермекпіз, Алла қаласа. Жұрттардың үйіндегідей біздің үйде де ыдыс-аяқтың "сылдырап" тұратыны тағы бар. Біз де адамбыз ғой. Жұрт қатарлы біз де бұл белестердің бәрін бірге бойлап, биіктерге бірге бағыт алып келеміз.
Алла тағала алдағы қалған өмірімізді қайырлы, құтты еткей деп тілейміз. Бізге асқар тау әкелеріміздің, ақ жаулықты аналарымыздың ақ жолын беріп, алтын той, гауhар тойымызды тойлауды жазсын. Ал, бізден кейінгі жастарға біздің жарқын жолымызды ғана берсін деп тілейміз", - деп бөлісті Майғазиев желідегі парақшасында.
Г. ДосымшаловаПосмотреть эту публикацию в Instagram