- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Күзде әскерге 16...
Күзде әскерге 16 мың сарбаз шақыртылады
Қазақстанда мерзімді әскери қызметке күзгі шақыру науқаны жақындап келеді. ҚР Қарулы Күштеріне, басқа да әскерлері мен әскери құрылымдарына 1999-1990 жылдар аралығында туған 16 мың азаматты әскер қатарына шақыру жоспарлануда.
Күзгі әскер қатарына шақыру «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» заңға және Мемлекет басшысы, Жоғарғы Бас қолбасшының «Әскери қызметтің белгіленген мерзімін өткерген мерзімді әскери қызметтегі әскери қызметшілерді запасқа шығару және Қазақстан Республикасының азаматтарын 2017 жылдың наурыз – маусымында және қыркүйек – желтоқсанында мерзімді әскери қызметке кезекті шақыру туралы» №449 Жарлығына сәйкес жүргізіледі. Қазақстан Қарулы күштерінің және басқа әскери құрылымдардың әскери бөлімдері мен мекемелерін жас сарбаздармен толықтыру үшін 2 қыркүйектен бастап, шақыру және медициналық комиссиялар жұмысқа кіріседі.
Шақыру комиссиясы іріктеу жұмысын аяқтағаннан кейін 18 жастан 27 жасқа дейінгі ер азаматтар қыркүйек – желтоқсан аралығында Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріне, Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігіне, Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитетіне, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік күзет қызметіне мерзімді әскери қызметке шақырылатын болады.
Шақырылушыларды әскери бөлімдерге бөлу және іріктеу кезінде алдын ала тексеру нәтижесі мен олардың әскерге шақырылғанға дейін алған мамандықтары ескерілетін болады. Әскери бөлімдерді толықтыру аумақтық қағида бойынша жүзеге асырылады.
Жауапты лауазымды тұлғалар түсінік беріп, азаматтардың барлық сұрақтарына жауап беретін арнайы желі қызмет жасайды. 8 (7172) 72-13-89 және 72-16-06 телефон нөмірлері арқылы арнайы кеңес алуға болады.
О. Сансызбай