- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Күйзеліс, қатерлі ісік"....
"Күйзеліс, қатерлі ісік". Көз не үшін ауыруы мүмкін?
Көзіңіз ауырса, барлық жағдайда оның себебі көруге байланысты проблема емес. Бұл сезімнің артында жүрек-қан тамырлар аурулары, ми жұмысының бұзылуы немесе қауіпті аурулар жасырынып тұруы мүмкін. Сондықтан дәрігерге қаралуды кейінге қалдыруға болмайды. Офтальмолог Сергей Начинкин "Доктор Питер" порталына көз ауыруының мүмкін 7 себебін айтып берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Дәрігер бұл жағдайда ауырсыну өздігінен кетеді деп жүре беруге болмайтынын ескертті.
"Бұл проблемаға көпшілік адам шалдығады, бірақ олар мұны дәрігерге қаралуға себеп деп санамайды. Көп адам "ауырады, содан соң кетеді" деп ойлайды. Алайда статистика көз ауыруының 5 пайыз жағдайында ғана ол емді қажет етпейтінін көрсетті. Ал қалған жағдайдың бәрінде дәрігердің қарауын қажет етеді", - дейді Сергей Начинкин.
Көз ішінің ауыруының себептері
1. Күйзеліс және көзге күш түсіру
Бұл - ең жиі кездесетін себеп. Жұмыс, гаджеттер, метрода жиі жүру, ұшақпен жиі ұшу, жарық күнінің қысқа болуы, ұйқы сапасының нашарлауы - осылардың барлығы көзімізге көп күш түсуіне әкеледі, сондықтан олар қалыпқа келіп үлгермейді. Бұған ауа райына жоғары сезімталдықты, бас ауруларын қосуға болады.
2. Глаукома
"Көз ауыруының екінші жиі кездесетін себебі - глаукома. Бұл - өте қауіпті ауру. Ол әдетте науқастарға еш белгі бермейді, адам тек бір немесе екі көзінің іші ауыруы немесе қандай да бір жағымсыздық сезуі мүмкін. Глаукома бірнеше жыл бойы дамуы мүмкін, алайда ол көрудің айтарлықтай нашарлауына, кейде тіпті мүлдем көрмей қалуына әкеледі. Егер отбасыңызда мұндай аурумен ауырған адам болса, көзіңіз ауырғанда бірден дәрігерге көрініңіз", - деп кеңес берді дәрігер.
3. Бұрын жарақат алу
Бұрын көз жарақатын алған болсаңыз, тіпті уақытында емдеген болсаңыз да, уақыт өте ол асқынуларға, соның ішінде көз ауыруына әкелуі мүмкін.
4. Көзге бөгде заттың түсуі
"Көзге бөгде зат түссе және көзіңіз ауырса, кәсіби маман көмегіне жүгіну керек. Ол затты өздігінен алуға тырыспаңыз, бұл одан сайын зақымдалуға және ары қарай асқынуға әкелуі мүмкін", - деп ескертті офтальмолог.
5. Қабыну
Конъюнктивит және кератит секілді көздің қабыну аурулары көздің ішін ауыртады. Көзіңіздің іші қызарса және көз былшықтанса, офтальмологқа қаралу керек.
6. Астигматизм
"Астигматизм секілді патологиялар жиі көздің ауыруымен, көздің жылдам шаршауымен, жарыққа қарай алмаумен қатар жүреді. Мұндай бұзылыстар балалалық кезде немесе есейе келе пайда болуы мүмкін. Әдетте дұрыс таңдалған түзетулер бұл проблемаларды жоя алады. Әсіресе, оны бала кезде емдеу маңызды", - дейді дәрігер.
7. Көз қатерлі ісіктері
"Көру мүшесіне тән қатерлі ісіктің кей түрлерінде көздің ауыруы және басқа да белгілер болуы мүмкін. Бұл жағдайда онколог маманына көріну қажет. Сол үшін де уақытылы диспансерлік тексерістен өтіп тұру маңызды", - дейді Сергей Начинкин.
Оқи отырыңыз: Көз жасы таусылуы мүмкін бе? Офтальмолог көп жыласа не болатынын айтты
А. Жапатова