Жамбыл көлік прокуратурасы Күйік асуындағы жол жөндеу жұмыстары кезінде құрылыс материалының құны негізсіз қымбаттатылғанын анықтады, деп хабарлайды Massaget.kz.
Тексеру "Ташкент – Шымкент – Тараз – Алматы – Қорғас" республикалық маңызы бар тас жолының Күйік асуындағы учаскесінде жүргізілген.
Прокуратура мәліметінше, жол жамылғысын нығайтуға арналған геотордың нормативтік бағасы бір шаршы метріне 2 579 теңге болған. Алайда сметалық құжаттамаға оның шаршы метрі 3 544 теңгеден енгізілген.
Бағаның негізсіз көтерілуі салдарынан жол жөндеу жұмыстарының жалпы құны 185,9 миллион теңгеге артып кеткен.
Прокуратураның араласуынан кейін қосылған құн салығын есепке алғанда бюджетке 191,3 миллион теңге қайтарылды.
Ведомство Күйік асуындағы жол жөндеу жұмыстарының заңдылығы мен сапасы прокуратура бақылауында екенін мәлімдеді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!