Айтыскер ақын Балғынбек Имаш Мұқағали Мақатаевтан кешірім сұрады, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Жақында блогер Әлішер Теменов ақын Мұқағали Мақатаевқа қатысты даулы видео жариялады. Онда ол ақынды "сорлы" деп атады. Кейін блогер видеоны өшіріп, халық алдында кешірім сұрады.
Айтыскер ақын Балғынбек Имаш әлеуметтік желідегі парақшасында Мұқағали Мақатаевтан кешірім сұрады.
"Кешір бізді, уа, Мұқа, айыптымыз,
Қуып кеттік ақша мен хайпты біз.
Тазалауға қоғамды немқұрайлы,
Жазалауға бәріміз лайықтымыз!
"Жас қайың" боп мың көктеп, мың солдыңыз,
Құнсыз бе еді мисызға мұнша орныңыз?
Шын ақынды "сорлы еркек" атандырған,
Әрқайсымыз – шарасыз шын сорлымыз!
Кешір бізді, кешірші, ақын Мұқа,
Желіде отыр кіл дана, батыр, бұқа.
Ақша адамды аздырып айуан қылды,
Қалта қалың болса да, ақыл жұқа…", – деп жазған ол.
Еске салайық, бұған дейін өзін рилсмейкер, диктор ретінде таныстырған блогер Әлішер Теменов ақын Мұқағали Мақатаевқа тіл тигізіп, жұрттың ашуына тиген еді.
Блогер ақынның өлеңіне талдау жасап, желіге жариялаған видеосы резонанс тудырды. Оның Instagrаm-парақшасына жариялаған видеосы қазір өшірілген. Онда ол Мұқағали Мақатаевтың "Бүгін менің туған күнім, ой, пәлі-ай!.." деп басталатын "Арыз жазып кетейін" өлеңіне талдау жасаған.
"Мұқағали Мақатаев жалпы "жаловаться" ете беретін сорлы еркек болады ғой – вот сондай. "Бүгін менің туған күнім ой пәлі-ай, мына адамдар неге жатыр тойламай" дейді. "Ей, сен … (былапыт сөз) бірінші жасасаңшы туған күніңді – сосын барамыз ғой", – дейді блогер видеода.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!