Түркістан облысында полицейлерден қорлық көрдім деген шопан үш айдан бері әділдік іздеп жүр. 50 жастағы азаматтың сөзінше, тәртіп сақшылары ешкі ұрладың деп жала жауып, соққыға жыққан. Бөлімше ішінде азаптап, қолымен істемеген қылмысты мойныма ілуге тырысты деп отыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі 31 арнаның "Информбюро" жаңалықтар қызметіне сілтеме жасап
Соның кесірінен денсаулығымнан айырылдым деген Нартай Хожанов құзырлы органдардан көмек сұрайды.
Көз жасына ерік берген Нартай Хожанов Өзбекстаннан атамекенге он жыл бұрын оралған. Содан бері Шардара ауданында мал бағып, шопан болып жүр.
Қыркүйек айындағы оқиға Хожановтың әлі есінде. Ол полицейлер көрші отардағы сегіз ешкінің жоғалуын шопаннан көріп, бөлімше ішінде азаптапты.
"Мені РОВД-ға алып барды. 12 кабинетке кірдім. Кірген жерден әй-шай жоқ мені ұра бастады олар. Сөйтіп ұрып, аузыма скотч орап, мені ол жерде қорлады. 8 ешкіні сен ұрлағансың дейді. Олардың аузынан арақтың иісі шығып тұр. Аспабымнан бұрап, басымды дуалға ұрып, сол жерде мені үш жігіт болып ұрды ғой", - дейді жәбірленуші Нартай Хожанов.
Бірақ ешкілерді басқа адам ұрлағаны анықталыпты. 50 жастағы азамат содан кейін соққыға жыққан тәртіп сақшылары кешірім сұрап келгенін айтады. Нартай Хожанов болса денсаулығыма нұқсан келтірген жандарды жазаламай тоқтамаймын деп отыр. Адвокат жалдап, өзін соққыға жыққан полиция қызметкерлерінің үстінен арыз жазыпты.
"Жәбірленуші әпкесімен бірге Шардара ауданының прокуратурасына, Түркістан облысының прокуратурасына жүгінген. Бірақ ол кісілер ешқандай да іс-әрекет жасамаған. Маған келген күні 6 желтоқсанда интернет желісіне арыз-шағымды салғаннан кейін орган мекемелері есепке алып тіркеп, істі қозғады", - дейді адвокат Жадыра Наурызбайқызы.
Яғни қойшының қуығына зақым келген. Қолында медициналық анықтамалар да бар. Қазір азаматтың жүріп-тұруы да қиындапты. Билікті және лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану бабымен іс қозғалды.
"Түркістан облысы ПД өзіндік қауіпсіздік басқармасымен Хожановтың арызы негізінде Шардара АПБ-нің қызметкерлеріне қатысты Қылмыстық кодекстің 362-бабы 1-бөлігімен тіркелген қылмыстық іс тіркелген. Қазіргі таңда қылмыстық істің тергеу барысы бақылауға алынып, облыс прокуратурасының нұсқауына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жургізіліп жатыр", - дейді Түркістан облыстық прокуратурасының баспасөз қызметі.
Алайда жәбірленуші тарап азаптау және адам ұрлау баптарымен де іс қозғалуын талап етеді. Айта кетейік, құзырлы орган өкілдерінен қорлық көрдім деген Нартай Хожановтың жалғыз қызы мен келіншегі бар.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
С. Сатыбалдина