Қазақстандағы АҚШ Дипломатиялық миссиясы АҚШ-тың Алматыдағы Бас консулы Мишель Еркін қызметіне кірісті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі консулдықтың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бас консул Еркіннің консулдық аймағына Алматы және Шымкент қалалары, сондай-ақ Алматы, Қызылорда, Түркістан, Жамбыл және Жетісу облыстары кіреді.
"Мен Алматыдағы АҚШ Консулдығының атынан өкілдік етуді өзім үшін үлкен мәртебе санаймын және Қазақстан сияқты әдемі әрі қонақжай елге қайта оралғаныма өте қуаныштымын. Алматы 20 жыл бұрын менің шетелдегі алғашқы дипломатиялық миссиям болған. Енді алдағы үш жыл бойы бұл қаланы өз үйім деп санау бақытына ие болып отырмын. Сол уақыттан бері көп нәрсе өзгерген, сондықтан Қазақстанды жаңа қырынан танып-білуге асықпын.
Мен сіздермен бірге Қазақстанның экономикасын нығайтып, әртараптандыру, өңірлік қауіпсіздікті күшейтіп, мәдени алмасуды дамыту үшін күш жұмылдырып еңбек ететін және ең бастысы, Қазақстанның ең құнды байлығы – оның халқымен иық тіресе жұмыс істейтін сәттерді қуана күтемін", - деді Мишель Еркін.
Дипломатиялық қызметтегі 20 жыл бойы Еркін әлемнің әртүрлі елдерін аралап үлгерді. Бұған дейін ол Рейкьявиктегі (Исландия) АҚШ Елшілігінде миссия басшысының орынбасары және уақытша сенімді өкіл қызметтерін атқарды. Еркін ханымның оған дейінгі дипломатиялық қызмет атқарған елдерінің қатарында Панама-Сити (Панама), Бішкек (Қырғызстан), Сан-Сальвадор (Сальвадор) және Мәскеу (Ресей) де бар. Еркін ханым Вашингтон қаласында бірнеше рет қызмет атқарды, атап айтқанда, Экономикалық және іскерлік мәселелер бюросы (EB), Қару-жарақты бақылау, келісімдерді тексеру және орындау бюросы (AVC) және Батыс жарты шар істері бюросында (WHA) жұмыс істеді.
Мишель Еркін ханым Йель университетін Ресей және шығысеуропалық зерттеулер мамандығы бойынша үздік бітірген. Содан кейін ол Миннесота университетінің заң мектебінің Юриспруденция докторы (JD) дәрежесін алды.
Солтүстік Миннесотаның ауыл шаруашылығымен айналысқан ортасынан шыққан ол өзінің Ақ Жер Оджибве (Чиппева) тайпасының ұрпағы екендігін мақтан тұтады. Еркін мен жолдасы Жомарт төрт бала тәрбиелеп отыр. Орыс және испан тілдерін жетік меңгерген, қазақ тілін де оқып жүр.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!