Жүзін көрсетпеуді сұраған әйел күйеуінен ұзақ жыл теперіш көрген. Оның айтуынша, тұрмыс құрғалы отағасы әр нәрсеге тыйым салып, қысым жасапты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі 24KZ-ке сілтеме жасап.
Ал қит етсе кемсітіп, жұдырығын ала жүгіреді екен. Әбден зәбір көрген келіншек ақыры үйден кетуге мәжбүр болған.
"Түнде ұйықтай алмаймын. Аяқтарым шымырлап, қауіп бар сияқты болады. Осылай дірілдеймін. Қауіп бар сияқты. "Қазір мені алып кетеді, мені ұрады, бітпейді мұндай өмір, бітпейді" деп, "қашан бітеді екен мұның бәрі" деп, сондай паника болды", - дейді жәбірленуші.
Қазір әйел балаларымен бірге Шымкенттегі дағдарыс орталығын паналап отыр. Шаһарда бұл мекеменің көмегіне жүгінетіндер жиілеген. Биылдың өзінде 700 шақты адам келген. Жәбірленушілерге әлеуметтік, психологиялық және құқықтық көмек берілді. "Дегенмен, оларға ең алдымен қоғамның қолдауы аса қажет" дейді мамандар.
"Біз мұндай әйелдердің өз-өзімен күресуіне жәрдемдесеміз. Өйткені олардың көбі ел-жұрттан ұялып, азапқа көніп жүре береді. Әр адамның құқығы қорғалуы тиіс. Біз оларға барынша психологиялық және заңи кеңес беріп жатырмыз", - дейді дағдарыс орталығының басшысы Малика Жүсіпова.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!