Күйеуінен зәбір көрген әйелдерге депрессиядан шығу жолдарын ұсынған психолог Нағима Дәулет зорлық-зомбылықтың алғашқы белгілері туралы айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Психолог Нағима Дәулет YouTube желісіндегі Жанерке Сейфуллинаның "Айтарым бар" подкастында қонақта болып, қазақ әйелдері неге алғашқы соққыға жығылған сәтінде неге бірден әрекетке көшпейтінін түсіндіріп берді.
"Алғашқы жұдырықтан бұрын да белгілер болады. Зорлық-зомбылықтың 4 дәрежесі болады. Ең алғашында психологиялық зорлық-зомбылықтың белгілері кездесуі мүмкін. "Ешқайда шықпа, болмайды, өзім апарып тастаймын, қайдасың, кіммен араласып жатырсың, осы досың ұнамайды" дегеннен басталады. Одан кейін қаржылық зорлық-зомбылық болады. Ақша бермеу, "жоқ, біз үй аламыз, сен неге құрта бересің" деп айту, үйде, декретте отырған әйел адам мейрамханаға барғысы келсе "үйде жасамайсың ба, еті халал емес шығар" деп манипуляция жасаудың бәрі қаржылық зорлық-зомбылыққа жатады. Бізде ұялу деген бар, ер адамды құрметтеу деген бар. Одан кейін сексуалды зорлық-зомбылық болады. Әйел адамды мәжбүрлеп жатқызу, әйел адам қаламай тұрса да міндеттеу басталады. Әйел адам ренжіме де, шаршаса да, ұйқысы келсе де бәрібір. Мұндайда әйел адамда ауру пайда болуы мүмкін. Төртіншісі - физикалық зорлық-зомбылық. Ұру, қол көтеру басталады. Бұл кезеңде сөйлесу, түсіндіру мүмкін емес, үндемей қалу керек", - дейді психолог.
Төртінші, яғни физикалық зорлық-зомбылық кезеңінде ер адам әйелін ұрып өлтіріп қоюы мүмкін екен. Психолог мұндай жағдайға тап болған қыз-келіншектерге отбасылық жиналыс жасап, үлкен шу туғызы керегін айтады. Бір рет ұрған адам міндетті түрде тағы да ұратынын да жасырмады маман.
"Кешірім сұрап, көңілін ауласа да мәселенің қайдан шыққанына қарау керек. Бала кезінде әкесі анасын, ағасы жеңгесін ұрғанын көрген адам "мен өскенде ешқашан ондай адам болмаймын" десе де, ұрысқан кезде қол көтереді. Кейін қатты өкініп кешірім сұрайтындар да солар. Ондайлар кешірім сұраған кезде адамның басы айналып, жаны ашып кетеді. Гүл әкелгенде әйел адам енді ешқашан ұрмайды деп ойлайды. Бір рет ұрған адам міндетті түрде тағы да ұрады, сол үшін әулетті жинап, шу көтеру керек", - деп кеңес берді психолог Нағима Дәулет.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!