"Күйеуімен бірге жолға шыққан". Көкшетау - Қызылорда пойызында 54 жастағы әйел қайтыс болды

"Күйеуімен бірге жолға шыққан". Көкшетау - Қызылорда пойызында 54 жастағы әйел қайтыс болды
Фото: Тұрар Қазанғапов/Tengrinews.kz

2023 жылғы 14 қаңтарда Жамбыл облысының Сарышаған станциясына жақындағанда "Көкшетау - Қызылорда" бағытындағы жолаушылар пойызы вагондарының бірінде Астанадан Шымкентке дейін күйеуімен бірге жолға шыққан 54 жастағы азаматша кенеттен қайтыс болды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Polisia.kz хабарына қарағанда, сол күні Шу станциясындағы желілік полиция бөлімінде сотқа дейінгі тергеу басталған, ал мәйіттен қылмыстық сипаттағы өлім белгісі анықталмаған.

"Тексеру барысында әйелдің 2019 жылдан бастап Астанадағы ауруханалардың бірінде созылмалы аурумен есепте тұрғаны белгілі болды. Пойыз жолсеріктерінің келісімімен, күйеуі әйелінің мәйітін оралған күйінде пойыздың жұмыс істемейтін тамбуры арқылы Шымкент станциясына дейін тасымалдап, жеткізген", - делінген хабарламада.

Ер адам сот-медициналық сараптамадан үзілді-кесілді бас тартқан. Қазіргі уақытта пойызда мәйітті тасымалдау фактісі бойынша материал Жамбыл облысы бойынша көліктік бақылау инспекциясына берілген.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

М. Лұқпан