Танымал әнші Абай Бегейдің әйелі Фариза Жұманова отбасындағы тәртіп пен ереже туралы айтып берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Өнер иесінің әйелі бұл туралы Жанерке Сейфуллинаның "Айтарым бар" бағдарламасында сөз қозғады.
"Мен күйеуіме себепсіз хабарласпаймын. Шұғыл жағдай боп қалмаса, артық мазаламауға тырысамын. Кейде бір қатты уайымдап кеткенде, кеш болып кетіп, үйге келмегенде хабарласпасам, жалпы себепсіз хабарласпаймын деп келіскенбіз. Қайта-қайта хабарласып, "қайдасың?", "қашан келесің?" деп сұрамаймын", - дейді Фариза Жұманова.
Алайда өзі бір жерге баратын болса, ескертіп отырады екен. Дүкенге шықса да, біреумен кездесетін болса да ескертіп отыру шариғат заңдарына сай екенін айтты ол сұхбатында.
"Алғаш үйленген кезде мен ол кісіге жүз пайыз бағынатынмын. Сондықтан да болар, ол кісі қазір маған толық сенеді, еркіндік беріп қойды. Кейде тіпті мынадай жағдай болған. Мен киініп, дайындалып, үйден шығайын деп жатқанда ол кісі рұқсат бермей қоятын. "Мәссаған, бұл қалай болғаны" деп ойлағаныммен, айтқанына көнетінмін. Бірде мен үшін өте маңызды бір кісінің тойына барарда да дәл осындай жағдай болды. Сол кезде күйеуіме мойынсұнғаным үшін Алланың берген сыйы шығар, қазір күйеуім көп жерге жібереді. Қыздармен кездескенде кеш қайтып, түн болып кетсе, кейде өзі келіп алып кетеді. Кезінде жүз пайыз мойынсұнғаным үшін, қазір арамызда жүз пайыз сенім, түсінісу бар деп ойлаймын", - деді ол.
Еске салайық, осы сұхбатында Абай Бегейдің жары жас қыздарға баласы бар еркекке тұрмысқа шықпауға кеңес беретінін айтқан еді.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!