Шымкентте бес баланың әкесі мектеп оқушыларынан оңбай таяқ жеп мерт болды. Марқұмның әйелі Алтынай Айтқұлова "Көреміз" бағдарламасынан көмек сұраған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Алтынай Айтқұлованың сөзінше, 9 қыркүйекте күйеуін базар маңында бір топ оқушы ұрып, аяусыз соққан. 39 жастағы ер адам оқиға орнында мерт болған. Марқұмның жақындары кінәлілер жазадан жалтарып кете ме деп отыр.
"Бұл балалар қыздардың алдында өзін көрсеткісі келіп, сол жерде құлатып, быт-шытын шығарып кетеміз деген оймен істеген ғой. Жарты сағаттай төбелес болған. Тағы екі бала келген. Олай келмей тұрып күйеуімді ұрған. Төбесінен жұдырықтап ұрған. Сол жерде үлкен кісі ғой деп тастап етсе болады ғой. Жоқ, бұлар жалғастырып ұрған, бір-біріне лақтырып, сүйреген", - дейді марқұмның әйелі.
Оның айтуынша, күйеуі далада екі сағаттай жатып қалған. Марқұмның артынан әйелі жесір, бес баласы әкесіз қалған. Балаларының үлкені 12-де болса, кенжесі 4 жаста екен. Сол күні ер адам жұмыстан келгеннен кейін сыра іздеп, қалаға шығып кеткен. Алтынай Айтқұлованың айтуынша, күйеуі ішімдікті жиі ішпейтін, тек арасында ғана ішкен.
"Отасқанымызға қазан айында 15 жыл болды. Күйеуім ағасының қолында көмекшісі болып жұмыс істейтін еді", - дейді Алтынай Айтқұлова.
Оның сөзінше, күйеуі оны ұрып кеткен жігіттерге таңғы 4-тер шамасында кезігіп қалған.
"Сол күні ішкен. Сол жерде базардың маңында", - дейді марқұмның әйелі.
Алтынай Айтқұлованың сөзінше, күйеуін ұрып кеткен балалар - кәмелетке толмаған оқушылар.
"Күйеуім оқушылардан су сұрапты. Ішкен күйінде. Олар "жоқ" деген. Күйеуім "мына жерде" тұрам дегендей түсіндіріп тұрған ғой. Сосын күйеуім оларды құшақтаған. Ішіп алған кезде ондай мінез шығармайтын. Күйеуім құшақтаған кезде екі бала оны итеріп, артқа шегініп ұрып, төбелес басталып кеткен", - дейді Алтынай Айтқұлова.
Алтынай Айтқұлованың сөзінше, бұл іс бойынша тек бір жігіт күдікті деп танылған.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз