Астанада 1 миллион долларға жуық ақшаға қатысты алаяқтық ісі бойынша сот отырысы өтіп жатыр. Бұл іс бойынша жәбірленуші тарап - сотталған экс-министр Қуандық Бишімбаевтың анасы Альмира Нұрлыбекова. Бүгін ол жауап алу кезінде сотта жылап жіберді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
"Мұндай жағдай болады деп ешкім ойлаған жоқ. Екеуміз де егде тартып қалдық, еңсеміз түсіп кетті, жедел жәрдем келді. Күйеуім қатерлі ісікке шалдыққан, жүрегі ауырады. Күні-түні "ұлымыздың жағдайы не болады?" деген бір ғана ой мазалады..." - деді ол сотта.
Айта кетейік, бүгін прокурор айыптау актісін оқығаннан кейін судья Назгүл Бапақова айыпталушыдан айыптаумен келісіп-келіспейтінін сұрады. Бекзат Кемелова келіспейтінін айтып, кінәні мойындамады.
Еске салайық, бұған дейін бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың ата-анасы өздерінің туыстары, яғни Қайрат пен Бекзат Кемеловтарды сотқа бергені хабарланды.
Бұрынғы шенеуніктің анасы Бекзат Кемелованы миллион долларға жуық көлемінде алаяқтық жасады деп, ал оның жұбайын жала жапты деп айыптады.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!