- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Салтанат Нүкенова
“Күйеулеріңізді тыңдаңыздар“. Нүкенова туралы пікір қалдырған азаматтың басы дауға қалды
БАҚ беттерінде Елжас Шора есімді желі қолданушының марқұм Салтанат Нүкенова туралы жазған пікірі тарап, көптің ашуын тудырды. Жұрт оның Asar Ume қайырымдылық қорының мүшесі екенін айтып, қор да даудың астында қалды. Asar Ume басшысы Асхат Нұрмашев Нүкенова туралы пікір қалдырған Елжас Шораның қорға қатысы жоқ екенін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Нүкеноваға қатысты пікір иесі кім?
Әлеуметтік желіде Елжас Шора есімді азамат экс-министр Қуандық Бишімбаевтың қолынан қаза тапқан марқұм Салтанат Нүкеноваға қатысты пікір қалдырып, жұрттың талқысына қалды. Онда ол Нүкенованың өзін айыптап, қайғылы жағдайға жеткізген өзі деп сөгеді:
"Әр қазақ әйелі - жалғызым. Өте керемет сөздер. Жеке өз басым әйелдер қауымын, ана-апа, қарындастарымызды сыйлаймын. Бірақ өкінішке қарай, әйел кісілер бар, арақ ішетіндер, темекі шегетіндер. Клубта жұмыс істейтін таныс жігіт Салтанат министрдің әйелі бола тұра клубтарда жүретін дейді қысқа көйлек киіп, мас болып. Аллах кешірсін, қатты айтсам. Ақиқатты айту керек. Әрине, бұл ажал. Осы өлімге күйеуін итермелеген Салтанаттың өзі деп ойлаймын. Жатқан жері жайлы болсын. Ішімдік ішіп өлгені өте ауыр болады өзіне. Аллах кешіріп, рахымына бөлесін. Салтанаттың жағдайы барша әйелдерге сабақ болсын. Өтініш, ана, әйел, апа, қарындас сөзге сай болыңдаршы. Арақ ішпеңдер, күйеулеріңізді тыңдаңыздар. Жаман болмайсыздар. Иә, келісемін, тура осындай еркектер оңбаған", - деп жазды qazaq_nomads атты парақшада.
Аккаунттың Елжас Шора есімді азаматқа тиесілі екені белгілі болды. Оның Asar Ume қорының мүшесі екені айтылып, қайырымдылық қоры да хейттің астында қалды.
"Сөздеріңе жауап беріңдер"
Пікірге Салтанат Нүкенованың ағасы Айтбек Амангелді де кері байланыс жасады. Желідегі парақшасында ол Елжас Шораны белгілеп, айтқан сөзі үшін жауап беруін талап етті.
"Сендер құтырып кеткен жоқсыңдар ма? Сөздеріңе жауап беріңдер! Халықтың есебінен ақша жинап, әбден үрейді ұмытқан екенсіңдер. Мұсылманбыз дейтіндердің шын бейнесін қараңдар. Шын мәнінде, азып кеткен… (нормативтен тыс лексика). Халық ақшасына семіргені соншалық, беттері кадрға сыймайды. Оған қоса, бірдеңе дейді", - деп жазды Айтбек Амангелді.
сурет: Айтбек Амангелдінің сторисінен
Asar ume басшысының жауабы
Massaget.kz тілшісі жағдайға байланысты Asar ume қайырымдылық қорының басшысы Асхат Нұрмашевқа хабарласып, жауап алды. Ол тілшімізге Елжас Шораның жай ғана ерікті екенін, қорға қатысы жоқ адам екенін айтты.
"Asar ume қорында 250-ден астам жан-жақтағы қалалардан еріктілер бар. Елжас Шора да сол еріктілердің бірі. Бос уақытында мұқтаж отбасыларға көмектесемін деп өз тарапынан көмек қолын созады. Бір-екі күн бұрын желіде өз пікірін қалдырып кеткен екен. Елжас өзінің сторисінде де кінәні мойындап, "менің қателігім, бұл пікірдің "Асар умеге" қатысы жоқ" деп жазып жатыр. Елжас Шораның айтқаны секілді позицияны біз мүлдем құптамаймыз. Ондай ойымыз да жоқ. Еріктінің айтқан сөзіне бола, барлық жаман атақ бізге келіп тиіп жатыр. Шын мәнінде, марқұм жайлы біз ондай пікірде емеспіз", - деді Асхат Нұрмашев.
"Айтылған сөз - атылған оқ"
Пікір иесі Елжас Шора өз парақшасындағы стористе жазған пікірі үшін жауап беретінін және барлық шағымды өзі қабылдайтынын жазды.
"Иә, мен қателестім, қайтыс болған адам туралы жазып. Бірақ жаман ойым болған жоқ. "Асар уме" қорының оған түк қатысы жоқ. Мен өз атымнан жаздым. Барлық претензия маған болсын. Ал сіздердікі дұрыс па, адамды қарғап, балағаттап. Аллах сіздерді, мені кешірсін!", - деп жазды ол сторисінде.
Айта кетейік, Салтанат Нүкенованы өлтірді деген айыппен экс-министр Қуандық Бишімбаев 24 жылға сотталған еді.
Сондай-ақ бұған дейін желіде Қуандық Бишімбаевтың колониядан табылмағаны туралы ақпарат тарады. Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті осыған қатысты ресми мәлімдеме жасады.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Д. Литпин