- Негізгі бет
- LifeStyle
- шоу-бизнес жаңалықтары
“Күйеуге тигім келеді“. Әнші Меруерт Түсіпбаевамен эксклюзив сұхбат
Әнші, актриса, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Меруерт Түсіпбаева өміріндегі өзгерістері жайлы сыр шертті. Әншінің ешкімге айтпаған құпиясы қандай? Өнерде жүрген кей әріптестеріне қандай өкпесі бар? Massaget.kz тілшісі әншінің әңгімесін тыңдады.
Соңғы жаңалықтар және жеке бренд
Меруерт Түсіпбаева "Жұлдыз ФМ" радиосының 10 жылдық мерейтойына қонақ болып келіп, редакция тілшісіне соңғы жаңалықтарын бөлісті. Әншінің айтуынша, 2024 жыл оның шығармашылығы үшін жаңа жаңалықтар сыйлап, сәтті жобалар тарту еткен.
"Биыл мен үшін сондай сәтті жылдардың бірі болды. Қаншама кинотуындыларда ойнасам да, осы жылы өзімді ерекше рөлде байқап көрдім. Режиссерлер маған үнемі бай әйелдің образын беретін. Осы жолы Қазақстан ұлттық арнасының "Көршінің қызы" атты жобасында косметика өнімдерін сататын қарапайым ауыл әйелін сомдадым. Өзім үшін ашқан жаңалық болды және өте қызық жобалардың бірі болды", - дейді әнші.
Жобадан кейін актрисаның ойында жаңа идея туып, өзінің жеке брендін қалыптастыру туралы жоспары қалыптасқан.
"Осы рөлден кейін маған идея келіп, қазір сол ойға алған дүниемді жүзеге асырып жатырмын. Бұйырса менің "МТ" деген жеке брендім жарық көреді. Әйел адамдарға да, ер адамдарға да, кішкентай балаларға де керек ерекше бір дүние болайын деп тұр. Әзірге барлығы құпия", - деді әнші.
Сұлулық пен стиль құпиясы
Әншінің сахналық образы және қарапайым өмірде де киіну стилі көпті таңғалдырады. Үнемі мінсіз киініп жүретін Меруерт Түсіпбаева стилі мен сұлулығының құпиясын ашты.
"Мен атақты дизайнер Берік Исмаиловтың өнімі болдым. Ештеңе білмей ауылдан келгенімде сол кісіні кездестіріп, өз стилімді қалыптастырдым. Жақын араласып кеттік. Үнемі ақыл-кеңесін айтып, "мына киім саған келеді, мынау келмейді" деп пікірін айтып отыратын. Маған үлкен тәжірибе үйретіп кетті. Аруағы разы болсын. Осындай Берік Исмаиловтай мықты дизайнердің стиль мектебінен шыққан шәкірт ретінде нашар киінуге, нашар стильде жүруіме, семіріп кетуге құқығым жоқ", - деді ол.
"Жүрегім де, басым да бос"
Меруерт Түсіпбаеваның 2025 жылға қандай жоспары бар? Шығармашылықтан бөлек жеке өмірінде өзгерістер өрбіп жатыр ма?
"Мен Жаңа жылда күйеуге тигім келеді. Бұл сөзімді желіде де жариялаған едім. Өйткені менің жақын араласатын бір құрбым төрт баласымен қайтадан тұрмыс құрып жатыр. Ресми түрде сөз салып, сырға салып, жаңа өмірге қадам басып жатыр. Мен ол құрбым үшін шынайы қуаныштымын, тілектеспін. Бұл маған мотивация болды. Менің жүрегім де, басым да бос", - деп жауап берді әнші.
Өткір сөйлейтін әнші кімге өкпелі?
Әнші әрі актриса Меруерт Түсіпбаеваны жұрт қоғам белсендісі ретінде де қатты құрметтейді. Онысына - әлеуметтік желіде елдегі маңызды мәселелерге қатысты ашық айтатын ойы дәлел. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері белсенділігі жайлы ойын айтты.
"Еңбек сіңірген қайраткер деген атақты маған халық берді. Мен жай ғана әртіс емеспін, "қайраткермін". Сол үшін халыққа көп рақмет айтамын. Осындай атағым бола тұра, халқымның жағдайына қатысты мәселелерде үнсіз қала алмаймын. Бұл мәртебені иеленіп алып, тып-тыныш мемлекет берген жеңілдіктерді пайдаланып, жай жүргендер де бар. Бірақ менің арым жібермейді. Бұл олардың мәселесі", - деді Түсіпбаева.
Меруерт Түсіпбаева кімді сотқа бермек?
Әнші биыл өнердегі жетістіктерінен бөлек, өзі білмеген тосын сыйларға тап болғанын айтты. Тамыз айында жаңа жасын тойламақ болған Түсіпбаеваның төбесінен тас түскендей күйге түсуіне не себеп болды? Әңгіме әнді кавер ететін әншілер жайлы айтылды.
"Мен негізі әндерімді қайта шырқауға қарсы емес едім. Бірақ жақында мынадай жағымсыз жайт болды. Осы жылы тамыз айында, дәл менің туған күнімде, 6 тамыз күні менің рұқсатымсыз бір радиода "Ақ жауын" атты әнімнің кавері орындалған. Оны тіпті мен білмей қалатын да едім. Туған бауырым Нұржан көлікте радиодан естіп қалып, маған ескертті. Бір ауыз ескертусіз осылай әрекет еткені үшін қапаландым", - деді Меруерт Түсіпбаева.
Туған күніндегі көңіл күйін тас-талқан еткен жағдайдан кейін әнші заңгермен кеңесіп, енді мұндай жағдайға көз жұма қарамайтынын ескертті.
"Кавер қылып ән шырқап жүрудің бір минусы бар. Мәселен, ән авторлары, алғашқы орындаушылары ол әнді үлкен еңбекпен, ақшасын шығарып, зор талғаммен жаздыртады. Бірақ қазір өңдеп алған жас әншілер сол әнді той-томалақта, сахнада ұялмай айтып жүре береді. Менің туған күнімде болған жайттан кейін сол радиоға хабарласып, енді сол каверді тағы бір жерден еститін болсам, сотқа беремін деп ескерту жасадым", - деді Меруерт Түсіпбаева.
Меруерт Түсіпбаева - Қазақстанның танымал әншісі, актриса, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері. Ол өзінің ерекше даусымен, сахнадағы харизмасымен және қазақ эстрадасындағы айрықша орнымен көпшілікке танымал.
суреттер: Меруерт Түсіпбаеваның жеке архивінен
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
Д. Литпин