- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Күйеуден қайтсаң, таңба...
"Күйеуден қайтсаң, таңба боласың" дейді. Қыздар жігіт алып қашса, не істеуі керек?
Қыз алып қашу - қазақ тарихында тым ертеден келе жатқан дәстүрдің бірі. Жігіт ықтиярсыз, келісімсіз алып қашса, қыз не істеуі қажет? Осы орайда Massaget.kz тілшісі заңгер Азамат Беккулов, Дана Ақәділқызы және Заң консультанттар палатасының мүшесі Абусейт Елекеевпен сөйлесіп, кеңесін сұрады.
Дәстүр ме, қылмыс па?
Этнограф, тарих ғылымдарының кандидаты Досымбек Қатранұлының пікірінше, дәстүр бойынша алып қашу - бір-бірін татитын, келіскен адамдардың арасындағы дәстүр. Ал танымайтын біреуді алып кету - нағыз қылмыс, адам ұрлығы. Қыз алып қашу дәстүрі бойынша, қуғыншы барып, "Өз еркіңмен келдің бе?" деген сұрақ қойылуы тиіс. Оған "зорлықпен алып келді" десе, бұрын да жазалаған.
Қазір қалай?
Заңгер Азамат Беккуловтың пікірінше, қыз бала бұл жағдайды ең бірінші өз-өзін қолға алуы қажет. Айқай-шу ешқандай нәтиже бермейді, оның орнына сабырлы қалыппен шиеленістің алдын алуға ұмтылу қажет.
"Қызды өз еркінен тыс жағдайда алып қашса, Қылмыстық кодекстің 125-бабына "Адам ұрлау" сәйкес жазаланады. Ең бірінші кеңес - дүрбелең туғызбау. Оның орнына қайда апара жатыр, көлік нөмірі қандай деген маңызды деректерді есте сақтаған жөн. Одан кейін жасырын түрде полицияға немесе жақындарына хабарлау керек. Қазір дамыған заман. Әлеуметтік желілер арқылы орналасқан жерін жібере алады", - дейді заңгер.
Заң консультанттар палатасының мүшесі Абусейт Елекеев кез келген қызды келісімсіз алып қашса, заң тұрғысынан бас бостандығын сұрайтынын, барлығы сол кездегі жағдайға байланысты болатынын айтады.
"Танымайтын, білмейтін адам алып қашса, қоршап отырған адамдар қызды алып қалудың қамын жасайды. Қыз әрқашан өзінің бас бостандығын алу үшін түрлі әрекет жасауы керек. Қашып шығуы керек немесе басқа біреудің көмегін сұрауы керек, болмай жатса, басқа біреу арқылы жақындарына хабарласу қажет. Сол үйдің көршілерінен көмек сұрап жатса, мұның бәрі кейін айғақ-дәлел бола алады", - дейді маман.
Заңгер Дана Ақәділқызы қыз алып қашу түрлі жағдайға байланысты заңмен сараланатынын еске салды. Маманның сөзінше, жігіт қыздың өз еркінен тыс алып қашса, 4 жылға дейін, кәмелетке толмаған қызды алып қашса, 12 жылға дейін, топтық ұрлау қылмысы жүзеге асырылса, 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Сондай-ақ, ол кез келген адамды осы жайтқа бей-жай қарамауға шақырды.
"Қыз ең алдымен 102-ге хабарласып, қандай көлік екенін, маркасын, нөмерін айту қажет. Оған мүмкіндігі болмаса, сол оқиғаға куә болған кез келген адам 102-ге хабарлауы қажет. Адамдар танысы болмаса да, сондай оқиғаға куә болса немесе күдіктенсе, 102-ге айту керек. Осылайша, тергеу басталады", - дейді заңгер.
Дана Ақәділқызы әр қыз құқығын білсе, бұл жағдайдың алдын алуға болатынын жеткізді.
"Оңтүстік өңірлерде қыз алып қашу баяғы дәстүрмен келе жатыр. Бірақ ол дәстүрдің өзінің салты, себебі болған. Көп адам оны дұрыс қабылдай бермейді. Бұл біздің қоғамға сіңіп қалды. Қыздарға "байдан қайтсаң, таңба болып қалады" деп жатады. Сондықтан көбі көніп қалады. Бірақ сіздің құқығыңызды бұзуға ешкімнің хақы жоқ, ешкім заңды белшесінен баса алмайды. Өйткені қазір заң үстемдік алған қоғамда өмір сүріп жатырмыз. Әр қыз өз құқығын қорғай алуы қажет. Өзі танымайтын адаммен тұрмыс құрып жатады, бірақ кейін ажырасып кетіп жататын жағдайлар да кездеседі. Бұл - мән беретін жағдай. Сондықтан әр қыз құқығын білсе, жігіттер де сондай қадамға бармас бұрын ойланады", - деп түйіндеді ол.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова