Жетісу облысындағы Текеліде әйел өз күйеуін өлтіріп қойды. Әлеуметтік желілерде тараған бұл ақпаратты полиция растады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Кісі өлімі туралы ақпарат "Немолчи" қорының парақшасында пайда болды. Көпбалалы ана қазір тергеу изоляторында отырғаны айтылды.
"Лидия - көпбалалы ана. Ол ұзақ жыл бойы жұмыс істеп, балаларына қажеттінің бәрін өзі қамтамасыз етіп, олардың тәрбиесімен айналысқан және отбасын жалғыз өзі асырап келген. Өмірдің қиындығына қарамастан, ол балалары үшін барын салды. Біз, оның көршілері, күйеуі тарапынан көрсетілген тұрмыстағы зорлық-зомбылықтың бірнеше рет куәгері болдық. Күйеуі үйіне үнемі мас болып келіп, жанжал шығаратын, әйелі мен балаларын балағаттап, оларға қол көтеретін. Үйден үнемі айқай-шу, балалардың жылаған дауысы мен ұрыс-керіс естілетін", - делінген жазбада.
Ақпаратқа сәйкес, күйеуі әйелін бірнеше рет соққыға жығып, балаларымен бірге далаға қуып шыққан, ал қыста үйдің барлық терезесін шағып тастаған көрінеді.
"Біз болған трагедияның қаншалық ауыр екенін түсінеміз және болған жайтты ақтауға тырыспаймыз. Дегенмен, бұл әйел мен оның балаларының ұзақ жыл бойы қандай жағдайда өмір сүргеніне назар аударуды сұраймыз", - деп жазылған жарияланымда.
Жетісу облыстық полиция департаменті қылмыстың 10 маусымға қараған түні болғанын хабарлады. 45 жастағы ер адам пышақ жарақатынан көз жұмған.
"Бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу барысында өлімге әкеп соққан жарақатты әйелі бірге ішімдік ішіп отқанда салғаны анықталды", - деп хабарлады полициядан.
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, барлық мән-жайды объектив анықтауға бағытталған қажет тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Сот күдіктіні қамауға алу туралы шешім шығарды, ол қазір Талдықорғанның тергеу изоляторында отыр.
Қорытынды процестік шешім барлық қажет тергеу шарасы аяқталғаннан кейін қабылданады.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!