Желіде Димаштың Лас-Вегас әуежайында 9 жастағы тыңдарманымен қауышқан видеосы пайда болды. Видеодағы бала - аутизм дертіне шалдыққан Габриель. Анасының айтуынша, Димаш әндерін көп тыңдағаннан кейін баласының тілі шыға бастаған. Бұл туралы анасы Нэнси Сэнисэрос "1001 түн" бағдарламасына сұхбат берді.
Нэнси Сэнисэрос баласы Димаштың әндерін көп тыңдайтынын айтты. Ол, әсіресе, француздың "S.O.S" әнін тыңдағаннан кейін тілі шыға бастағанын байқаған.
"Иә, рас. Алдымен аз-аздан сөйлеп бастады, кейін тіптен көп сөйлейтін болды. Бір қызығы Димаштың түрлі тілдегі әндерін естіген соң, ол да түрлі тілде сөйлей бастады", - дейді Нэнси.
Баланың ата-анасы Габриельді арнайы дәрігерге апармаған, бірақ бала аутизм дертіне шалдыққан балаларға арналған мектепте оқиды. Ондағы мұғалімдер мұндай жағдайға таңғалып, өлең тыңдауын тоқтатпауды өтінген.
"Мұғалімдер мұның пайдасы шынымен бар екенін айтты", - деді анасы.
Сондай-ақ, Нэнси кездесу қалай жоспарланғанын, қалай өткенін айтты.
"Димаштың Лас-Вегасқа келетінін достарымнан естідім. Сол бойда әуежайда оны күттік. Габриель Димашты бірінші көрді, жүгіріп барып құшақтап алды", - деді ол.
Ал Димаш тыңдарманының мұндай жетістігіне қуанып, костюмін сыйға тартқан.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!