Күш қолданып, балағаттаған: Атырауда арнайы жасақ қызметкерлерінің тосын видеосы тарап кетті

Әлеуметтік желілерде Атырау облыстық арнайы жедел әрекет ету жасағы (СОБР) қызметкерлері түсірілген видео тарады. Онда бөлімше басшылығы қызметкерлерін былапыт сөздермен балағаттағаны естіліп, күш қолданып жатқаны көрінеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Ақ Жайық" басылымына сілтеме жасап.

Видеоға қарағанда, оқиға қызметтік бөлмеде болған. Арнайы жасақтың екі қызметкеріне былапыт сөздер айтылған. Олардың бірін алдымен шапалақпен, содан кейін белгісіз бір затпен ұрады.

Осы уақытта тағы бір адам ішке ешкім кіріп кетпеуі үшін есікті ұстап тұрады. Видео жазбасында оқиғаға қатысы бар делінген адамдардың есімдері аталған. Олардың арасында Атырау облысы Полиция департаменті арнайы жедел әрекет ету жасағының командирі мен рота командирлері бар.

Атырау облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі заңбұзушылық дерегін растады.

"Арнайы жедел әрекет ету жасағының қызметкері қызметтік тәртіпті бұзғаны расталды. Қызметкер тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар, бөлімше басшылығының әрекетіне байланысты қызметтік тексеріс басталды. Оның қорытындысы бойынша тиісті баға беріледі", - деді полиция.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!