- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Құс тұмауы ет,...
Құс тұмауы ет, жұмыртқа мен сүт арқылы жұғатыны рас па?
Интернетте құс тұмауын тауық еті мен жұмыртқа арқылы жұқтыруға болатыны туралы жанама және тікелей мәлімдемелер кең тараған. Factcheck.kz редакциясы осы мәлімдемелерді тексеріп, АҚШ-тағы кейінгі оқиғаларды ескеріп, тексерілетін өнімдер тізіміне сиыр сүтін де қосты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Құстан келетін қауіп
Баспасөз құралдарында тауық еті мен жұмыртқаны пайдаланғаннан кейін кейбір шарттарды сақтаған (дәлірек айтқанда, сақтамаған) жағдайда құс тұмауын жұқтыру қаупі туралы жиі айтылады.
"Вирус адамнан адамға тарамайды. Адамдардың тікелей құстардан жұқтыруы өте сирек кездеседі. Әрі бұл тек жұқтырған тірі немесе өлі құспен тікелей не жанама байланыс кезінде болады. Құс өнімдерінен, ет немесе жұмыртқадан ауру жұқтыру фактілері іс жүзінде жоқ", – деді Forbes.kz 2020 жылы Денсаулық сақтау министрлігінің тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің төрағасы Тимур Сұлтанғазиевтің сөзін келтіріп. Бұл сөздер елдегі құс тұмауының өршуі аясында айтылған.
Сол жылғы Arnapress материалында адам ауру құстармен немесе ауру құстың нәжісімен ластанған заттармен тығыз байланыста болған кезде құс тұмауын жұқтыратыны айтылған. Бұл ретте ҚР Жұмыртқа өндірушілер қауымдастығына сілтеме жасай отырып, "құс етін және одан жасалған өнімдерді тиісті гигиена және тамақ дайындау ережелерін сақтай отырып пайдалану қауіпсіз екені" айтылған.
"Әзірге адам құс тұмауы вирусын таратудағы соңғы тізбек саналады. Осы уақытқа дейін бұл вирустың адамнан адамға берілуінің жағдайлары тіркелген жоқ. Ол тек ауру құспен тығыз байланыста болғанда, оны бөлшектегенде немесе шикі немесе нашар қуырылған құс етін пайдаланғаннан кейін ғана жұғуы мүмкін", – делінген Минск қаласындағы (Беларусь) 6-аурухананың сайтында.
Үш мәлімдеме бір-біріне қайшы келмейтініне назар аударайық. Өйткені Қазақстан Денсаулық сақтау министрлігінің өкілі тек статистика туралы айтып, жұқтыру мүмкіндігі/мүмкін еместігіне тоқталмаған, ал Жұмыртқа өндірушілер қауымдастығы өкілінің сөзі мен Беларусь ауруханасының сайтындағы ақпарат бірдей.
Қауіп бар
Құс еті мен жұмыртқаны тұтынудың ықтимал қаупі туралы 2020 жылы қазақстандық КТК телеарнасының сюжетінде айтылған. Онда журналист С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ эпидемиология кафедрасының доценті Ләйлә Әлекешевадан пікір алған.
Құс тұмауы термиялық жағынан нашар өңделген құс еті, нашар өңделген жұмыртқа арқылы жұғуы мүмкін.
С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ эпидемиология кафедрасының доценті Л. Әлекешева (2020 ж.)
ДДСҰ-ның 2023 жылдың қазан айында шыққан материалында аталған вирустың берілу жолдары да аталған.
Адамның құс тұмауы вирустарын жұқтырудың негізгі қауіп факторы тірі немесе өлі ауру үй құстарымен немесе вирус бар қоршаған орта объектілерімен, атап айтқанда тірі құс базарларында болады. Жұқтырған үй құстарын сою, жүнін жұлу және өңдеу, сондай-ақ әсіресе үй жағдайында үй құстарынан тамақ дайындау да қауіп факторлары саналады. Адамның A(H5), A(H7N9) немесе басқа да құс тұмауы вирустарын термиялық өңдеуден өткен ет немесе үй құстарының жұмыртқаларын тұтыну нәтижесінде жұқтыру мүмкіндігін растайтын нақты деректер жоқ. Адамдардың үй құстарының жұқтырылған қанынан жасалған тағамдарды пайдалану нәтижесінде A(H5N1) тұмауымен ауырған бірнеше жағдай белгілі.
ДДСҰ жарияланымынан (2023 ж. қазан)
Биыл сәуір айының басында ДДСҰ сайтында АҚШ-та құс тұмауы вирусының сүтқоректіден адамға берілген алғашқы жағдайы туралы ақпарат шықты.
…Науқастың анамнезінде A (H5N1) тұмау вирусын жұқтырғаны болжанған саумалы сиырлармен байланыс бар… Сонымен қатар, бұл жағдай адамның сүтқоректіден A(H5N1) вирусын жұқтырудың алғашқы жағдайы. Дегенмен тұмау вирустарының басқа түрлерінің сүтқоректілерден адамға берілген жағдайлары белгілі. Осы оқиғаға байланысты адамдардың A(H5N1) тұмауын жұқтырудың басқа жағдайлары анықталған жоқ.
ДДСҰ жарияланымынан (2024 ж. сәуір)
Бұл ретте вирус адамнан адамға берілетін мутацияларға ие болмағандықтан, ДДСҰ жалпы халық үшін қауіп деңгейін төмен деп бағалады.
Жағдай дамып келеді және АҚШ Ауруларды бақылау және алдын алу орталықтарының (CDC) ақпараты бойынша, биыл сәуір айынан бастап ірі қара малмен байланыста болған адамдарда құс тұмауының A(H5) 4 жағдайы анықталды. 2022 жылдан бастап үй құстарымен байланыста болған адамдарда 7 жағдай анықталды. Оның алтауы 2024 жылы тіркелді.
Жұқтыру жолдарына келсек, CDC де, АҚШ Азық-түлік және дәрі-дәрмек өнімдерінің сапасын санитарлық қадағалау басқармасы (FDA) да, сондай-ақ АҚШ Ауыл шаруашылығы министрлігі де өңделмеген сүтті, жұмыртқаны және етті тамаққа пайдалануға болмайтынын тікелей немесе жанама түрде айтқан. CDC 19 шілдедегі құс тұмауы өршуіне ден қою туралы есебінде шикі сүт ішпеуді сұрайды. FDA дүкен сөрелеріндегі сүттің қауіпсіз екенін айтады. Ол пастерленген, ауру сиырлардан алынған сүт жойылып отырады. АҚШ Ауыл шаруашылығы министрлігі тауық пен күркетауық етінің қауіпсіздігі туралы сұраққа жауап бере отырып, ауру жұқтырған үй құстары немесе жұмыртқалардың азық-түлік тізбегіне түсу ықтималдығы аз екенін айтып, ет пен жұмыртқаның вирус жұқтырған болуы мүмкін екенін растайды. FDA да солай дейді. Ол құс пен жұмыртқаны дұрыс температурада дайындаудың және шикі және дайын өнімдердің ластануын болдырмаудың маңыздылығын атап өткен.
Сарапшыға сұрақ
Құс тұмауының берілу жолдары туралы шашыраңқы ақпаратты жинақтау және осы мәселе бойынша ғылыми деректерді білу үшін Страсбург университетінің молекулалық биология және вирусология саласындағы PhD докторы Әсел Мұсабековаға жүгіндік. Ақпаратты "сұрақ-жауап" форматында келтіреміз.
Құс етін немесе тауық, үйрек, қаз жұмыртқасын жеп, құс тұмауын жұқтыруға бола ма?
Тұтынушылар тақтайларды дұрыс өңдеп, етті дұрыс дайындаса, яғни еттің ішкі температурасын 70 градусқа дейін жеткізсе қауіп болмайды. Бұл температура дұрыс пісіру мен қуыру үшін жеткілікті (мысалы, оны ас үй термометрімен өлшеуге болады) Вирус мұндай температурада жойылады. Жұмыртқаға келетін болсақ: қатты қайнатылған немесе жақсы қуырылған жұмыртқалар да қауіпті емес. Бірақ көп адам жартылай шикі жұмыртқа жегенді ұнатады. Мұнда біз құс тұмауының қаупі туралы емес, жалпы жұқпалы аурулардың қаупі туралы айтып отырмыз – сальмонелла сияқты бактериялық аурулар және басқа да ішек инфекциялары бар.
Әрқашан ұстану керек ережелер – жұмыртқаны жақсылап қайнату және қуыру. Басқа нюанстар: тақтайларды сабынды ерітіндімен өңдеу, ет пен көкөніс-жемістерге бөлек тақтай арнау. Бұлардың бәрі тағам қауіпсіздігі ережелері. Көп адамды таңғалдыратын тағы бір ереже: шикі етті жууға болмайды. Біз етті кран астында жуған кезде, шашырандылар ұшып кетеді. Бұл өте қауіпті, өйткені біз кейін барлық жабындыларды өңдей алмаймыз. ДДҰ ұсынымдарына сәйкес етті жуудың қажеті жоқ. Мұның құс тұмауы вирусына қатысы аз, ал шикі ет арқылы берілуі мүмкін басқа инфекцияларға көбірек қатысты.
Көптеген дереккөзде құс тұмауы вирусы құстан адамға ауа-тамшы жолымен де берілетіні айтылады. Яғни, теорияда, айналаңызда ұшып жүрген қаладағы көгершіндерді тамақтандыру қауіпті ме?
Соңғы 4-5 жыл ішінде ғалымдар жабайы құстар арасында құс тұмауының жиі өршитінін байқады. Ең алдымен, су құстары арасында. Көгершіндер мен торғайлар сияқты қалалық құстар арасында мұндай жағдайлар байқалған жоқ. Олар "қауіпті құстар" саналмайды. Бірақ бұл қалалық су айдындарындағы аққулар, қаздар, үйректер сияқты құстар болуы мүмкін. Көгершіндер, торғайлар мен сарышымшықтар адам үшін жоғары қауіпті түрлер емес, бірақ бұл құстардың бактериялық аурулар жұқтыру қаупі бар және кез келген жағдайда құс нәжісіне жоламау керек. Ал сол көгершіндердің көп мөлшердегі нәжісінен үй-жайларды тазартуды жоспарласаңыз, қорғаныс костюмін кию керек.
Жабайы су құстары (жабайы үйректер мен қаздар) вирус тасымалдаушылары бола алады, бірақ өздері ауырмайды деген рас па?
Менің білуімше, жабайы су құстары құс тұмауымен ауырады, олардың арасында вирустың өршуі байқалған. Өздері ауырмайтын инфекция тасымалдаушы жануарлар туралы айтқанда, мысалы, жарқанаттарды айтамыз. Олар инфекцияның мінсіз резервуары, өйткені олардың иммундық жүйесі инфекцияны ұзақ уақыт бойы тасымалдап, ауырмай жүре алатындай етіп құрылған. Менің білуімше, мұның жабайы құстарға қатысы жоқ.
Вирустың құстардан адамға берілуінің тағы қандай жолдары бар?
Ең ықтимал сценарий – құс фермаларында құстарды көп мөлшерде жою. Қазір Колорадо штатында болып жатқан жағдай – үй құстары арасындағы вирус өршуінің нәтижесі. Олардың өте көбі жойылды. Сол процеске қатысатын адамдар бірінші кезекте қауіп тобына енеді. Бұл құстардан вирус жұқтырған адаммен де дәл осылай болды (АҚШ-тағы жағдай туралы айтылып отыр – ред.).
Науқас сиырлардың сүті арқылы құс тұмауы вирусын жұқтыруға бола ма?
Адам үшін вирус жұқтырудың ең басты ықтимал жолдарының бірі – шикі пастерленбеген сиыр сүті. Қазір бұл ең үлкен қауіп. АҚШ-тың Азық-түлік және дәрі-дәрмек сапасын бақылау басқармасы (FDA) шикі сүтке зерттеу жүргізіп жатыр және онда бір миллилитрден 3 мыңға дейін вирус бөлшектері табылған. Шикі сүт инфекция көзі болуы мүмкін. Колорадодағы ірі қара мал арасындағы құс тұмауының өршуін зерттеу кезінде вирустың сиырдан сиырға берілуі ауа-тамшы жолымен емес, автоматтандырылған сауу аппараттары арқылы, яғни сүт арқылы болуы мүмкін деген болжамдар жасалды.
Сондай-ақ, FDA пастерленген сүтке зерттеу жүргізді, қазір қайта зерттеу жүргізіп жатыр. Алдын ала қорытындылар бойынша, пастерлеу вирустан құтылуға көмектеседі. Дүкендерде коммерциялық маркалармен сатылатын сүтте вирус жоқ болған немесе оның кейбір "қалдықтары" болған. Бұл туралы айту неге маңызды? Қазір қол өнімдеріне, шикі өнімдер сәнге енді. АҚШ-та кейбір христиан қауымдастықтарында таралған, сондай-ақ Қазақстанда да бар. Бұл өмір салтының бір бөлігі – пастерлеу барлық пайдалы нәрсені өлтіреді деп санағандықтан шикі сүтті тұтыну. Бұл ықтимал қауіп. Сүт пен сүт өнімдерінің көзін білу өте маңызды.
Құс тұмауының адамға жұғуы берілетін патогеннің жоғары дозасы кезінде болады деген мәлімдеме дұрыс па (иммунитет мәселелерін ескермегенде)?
"Жұқтырушы доза" деген ұғым бар және кез келген аурудың симптомдары мен оның асқыну дәрежесі осыған байланысты болады. Яғни, асқыну дәрежесі иммундық проблемалармен қатар жұқтырушы дозаға байланысты. Сиырлардан жұқтырудың аталған жағдайлары туралы айтқанда, бұл жеңіл жағдайлар, ешкім ауруханаға жатқызылған жоқ. Әңгіме конъюнктивит, тұмау және әдеттегі респираторлық симптомдар туралы болып отыр. Бірақ бұл сонымен қатар жұқтыру жағдайларының ресми тіркелгеннен көп екенін көрсетеді. Өйткені көптеген адам конъюнктивит пен тұмау үшін ауруханаға бармайды және ол үшін құс тұмауына ПТР-тест тапсырмайды.
Аурудың жеңіл симптомдары жұқтырған адамдардың "көрінбеу" қаупін тудырады, яғни өршудің өзін байқамай қалуымыз мүмкін. Сондықтан фермаларда жұмыс істейтін, ет және шикі сүтпен жұмыс істейтін адамдар сақ болуы керек. Бірақ ең бастысы, мемлекетте бұл адамдар өз симптомдары туралы, тіпті олар елеусіз болса да, хабарлай алатындай қандай да бір жүйе болуы керек. Жұқпалы ауруларды бақылау жүйесі дәл осылай жұмыс істейді. Біз құс тұмауы туралы айтқанда, мемлекеттер мұны ескеруі керек.
Адамзатты құс тұмауының пандемиясы күтіп тұр деген ықтималдық жоғары ма – ғалымдар не дейді?
Бұл сұрақ қазір ғалымдардың күн тәртібінде тұр. Қазір АҚШ-та болып жатқан жағдай әдеттегі жағдай емес, себебі H5N1 вирусында өте маңызды генетикалық қайта құрылым болды. Көріп отырғанымыздай – 4 адам сиырдан жұқтырды. Бұл вирустың құстардың жанында шаруашылықтарда тіршілік ететін сүтқоректілерге жеткілікті түрде бейімделгенін көрсетеді. Құстардан сүтқоректілерге дәл сол spillover (ағылшынша "шетінен төгілу") болып, бұл адамдардың жұқтыруына әкелді.
Мәселе мынада. Тұмау вирусы бір түрлі "генетикалық конструктор" іспетті. Яғни, вирустарда жақсырақ бейімделуге себеп болатын генетикалық бөліктермен алмасу болуы мүмкін. Сүтқоректінің, соның ішінде адамның ағзасында әдеттегі тұмау вирусы болса және ол құс тұмауы вирусын жұқтырса, онда ағзада осы алмасу болуы мүмкін және нәтижесінде жаңа генетикалық комбинациялар пайда болуы мүмкін. Бәлкім, дәл осылай болған шығар, вирус сүтқоректілердің ағзасына түсіп, сүтқоректілердің тыныс алу жүйесіне көбірек бейімделген жаңа штамм пайда болды. Әрі бұл қауіпті. Біз болашақ пандемиялар туралы айтқанда, АҚШ-тағы жағдайды ескере отырып, құс тұмауын нөмірі бірінші кандидат деуге болады.
Үкім: Шындық
Теориялық тұрғыда құс тұмауын шикі немесе дұрыс дайындалмаған ет, жұмыртқа мен пастерленбеген сүт арқылы жұқтыруға болады. Вирус 70 градус Цельсиде жойылады. Сондықтан өнімдерді жақсылап қайнатып, қуырып, тек пастерленген және қайнатылған сүт ішу керек.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
С. Бөлек