Құрылыс компанияларын жарнамалаған танымал қазақстандықтарға жауапкершілік күшеюі мүмкін

Құрылыс компанияларын жарнамалаған танымал қазақстандықтарға жауапкершілік күшеюі мүмкін
Фото: depositphotos.com

Сенат депутаты Геннадий Шиповских сенімсіз құрылыс компанияларын жарнамалаған танымал қазақстандықтарға жауапкершілікті күшейту керек екенін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Ол депутаттық сауалық премьер-министр Әлихан Смайыловқа жолдады.

"Соңғы 3 жылда елімізде сенімсіз құрылыс компанияларының үстінен 45 қылмыстық іс қозғалған. Салдарынан 4700-ден аса үлескер зардап шеккен. Олардың басым бөлігі Астана (1282 адам), Қарағанды (961 адам), Ақтөбе (657 адам) және Атырау (631 адам), Алматы (360 адам) қалаларында тіркелген", - деді Геннадий Шиповских.

Оның айтуынша, 2019-2022 жылдары Астанада проблемалық объектілердің құрылысын аяқтауға Ұлттық қордан 60 млрд теңге, ал республикалық және жергілікті бюджеттерден 154,6 млрд теңге бөлінген.

"Осылайша, мемлекеттің қатысуымен елордада 120 проблемалық тұрғын үйдің құрылысы аяқталды. Бүгінде елімізде 7 мыңға жуық алданған салымшы бар, оның 4 мыңнан астамы Астанада тұрады. Соңғы 2 жылда құқық қорғау органдары қазақстандықтардан заңсыз қаражат жинаған 300-ден аса құрылыс компаниясын әкімшілік жауапкершілікке тартты. Оларға 250 млн теңгеге айыппұл салынды. Орташа есеппен алғанда, бір компанияға 800 мыңнан аса теңгеге айыппұл салынды. Бұл бір пәтердің 2 шаршы метрінің бағасы ғана. Алайда құрылыс компаниялары келтірген 30 млрд теңгеден асқан. Бұл парадокс емес пе?" - деді сенатор.

Осыған байланысты Геннадий Шиповских сенімсіз құрылыс компанияларын жарнамалаған танымал блогерлер мен қазақстандықтарға жауапкершілікті күшейту керектігін айтты.

"Үлескерлерге келтірілген шығын күдіктілер есебінен толық өндірілмей, көпшілігі мемлекет тарапынан өндіріліп жатыр. Осы жағдайды ескеріп, құрылыс компанияларына қойылатын талаптар мен мемлекеттік бақылауды күшейту керек. Құрылыс компанияларына іс қозғалған сәтте сол компанияларды жарнамалап жүрген түрлі блогерлер мен танымал тұлғалардың да жауапкершілігін арттыру қажет", - деді депутат.

Аяз Есен

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Massaget.kz