Индустрия және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев Құрылыс кодексі жобасына жүргізілген аудиттің қорытындылары туралы айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Министр қаржылық заңбұзушылықтар анықталмағанын мәлімдеді.
"Қаржы министрлігі жүргізген аудит барысында қаржылық заңбұзушылықтар анықталған жоқ. Бұл қорытындыны біз 2022 жылдың 18 қазанында алдық. Қаржы министрлігі тек рәсімдердің сәйкессіздігіне назар аударды, бірақ қаржылық бұзушылықтар болған жоқ. Рәсімдік сәйкессіздіктер үшін тиісті қызметкерлер тәртіптік жауапкершілікке тартылды", - деді Шарлапаев Үкіметтегі брифингте.
Алайда министр Құрылыс кодексінің қабылдану мерзімін нақты айта алмады.
"Құрылыс кодексін қабылдау бойынша Мәжілісте өте белсенді жұмыс жүргізіліп жатыр. Талқылау нәтижесінде бұл заң жобасы кодекстің қабылдануына алып келеді деп ойлаймын. Мерзімі бойынша Мәжілістің заңнамалық актілерді қабылдау стандартты процесіне сүйенеміз", - деп толықтырды Шарлапаев.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!