Құрылтайға қатысты заң жобасы шілдеде күшіне енеді: депутаттарды қандай өзгерістер күтіп тұр?

145 депутат, бес жылдық өкілеттік мерзімі және бір палаталы жүйе. Қазақстанның жаңа Парламенті, яғни Құрылтай дәл осылай құрылуы мүмкін. Депутаттар конституциялық заң жобасын 8 мамырда Парламент палаталарының бірлескен отырысында қарады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Мәжіліс депутаты Айдос Сарымның айтуынша, "Қазақстан Республикасының Құрылтайы және оның депутаттарының мәртебесі туралы" конституциялық заң жобасының басты мақсаты - бірпалаталы Құрылтайдың құқықтық негізін бекіту.

"Құрылтай ұғымының тарихи қойнауына үнілетін болсақ, бағзы замандардан бері Құрылтай - халық билігінің бастауы. Сын сағатта тағдыркешті барлық маңызды шешім Құрылтайда талқыланып, қабылданған, сол себепті бұл жиын халық билігінің бастауы болған. Еліміздің тарихи болмысын ескеріп, ел билігі жүйесінде "Парламент" сөзін "Құрылтай" ұғымына ауыстырып, қайта енгізіп отырмыз", - деді ол.     

Заң жобасына сәйкес Құрылтайдың құрамы 145 депутаттан тұрады, пропорционалдық жүйе бойынша сайланады және олардың өкілдік мерзімі - 5 жыл.

"Заң жобасы Құрылтайдың мемлекеттік билік органдары жүйесіндегі орнын, қызметінің қағидаттарын, құрылымын, қалыптастыру тәртібін айқындайды. Сондай-ақ, Құрылтайдың заңдарды қабылдау, мемлекеттік органдарды қалыптастыруға қатысу және парламенттік бақылаудың тетіктерін жүзеге асыруды қамтитын құзыреті белгіленеді. Заң жобасында Құрылтай қызметінің ұйымдастырушылық нысандары (сессиялар, отырыстар, тыңдаулар, Үкімет сағаттары), оның органдарының құрылымы (төраға, бюро, комитеттер, комиссиялар), сондай-ақ, заң шығару процесін жүзеге асыру тәртібі реттеледі. Бұдан бөлек, заң жобасы Құрылтайдың Үкіметпен өзара іс-қимыл жасау тәртібін айқындайды, сондай-ақ, депутаттардың мәртебесін, олардың құқығы мен міндетін бекітеді, соның ішінде депутаттық бірлестіктерді қалыптастыру, парламенттік көпшілік пен оппозиция, депутаттық әдеп қағидалары мәселелерін қамтиды", - деді Айдос Сарым.     

Заң қабылданып, күшіне енсе, Парламент Мәжілісіне енгізілген заң жобаларын Құрылтай қарайды.

Заң жобасы биыл 1 шілдеден бастап күшіне енеді. Сондай-ақ, 1995 жылғы 16 қазандағы "Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы" заңның және 1997 жылғы 7 мамырдағы "Қазақстан Республикасы Парламентінің комитеттері мен комиссиялары туралы" заңның күші жойылады.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!