Құрылтай сайлауы: Корея және Жапониядағы Қазақстан азаматтары алғашқылардың бірі болып дауыс берді

Құрылтай депутаттарын сайлау басталды. Шетелдегі барлық дауыс беру учаскесі Қазақстанның дипломатиялық өкілдіктері аумағында ұйымдастырылды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Дауыс беру мүмкіндігіне алғашқылардың бірі болып Корея және Жапониядағы Қазақстан азаматтары ие болды. Сеулде №422, Токиода №425 сайлау учаскелері жергілікті уақыт бойынша сағат 07.00-де бірінші болып ашылды.

Сеулдегі №422 учаске/СІМ

Сеулдегі сайлау учаскесінде алғашқылардың бірі болып Корея университетінің студенті Ажар Кәрімжанова өз таңдауын жасады.

"Кореяда үш жылдан бері тұрып, қазір Корея университетінде білім алып жүрмін. Қазақстан азаматы ретінде еліміздің болашағына қатысты маңызды қоғамдық-саяси үдерістерден тыс қалмауға және өз үлесімді қосуға тырысамын", - деді Ажар Кәрімжанова.

Токиодағы сайлау учаскесінде алғашқылардың бірі болып отандасымыз Әлішер Әзімбаев дауыс берген. Ол қазақ қоғамындағы әділет, заң, даналықтың символы - Би бейнесінде келген.

Цукуба университетінде "Мемлекеттік саясат" мамандығында оқитын Әлішер Әзімбаев қазақ халқының тарихи дәстүрлерін Қазақстанның жас буынының заманауи ұмтылыстарымен символдық түрде ұштастырған.

Токиодағы №425 учаске/СІМ

Ол Құрылтай тарихи тұрғыдан Ұлттық жиналыс болғанын, онда ел тағдырын айқындайтын маңызды шешімдер қабылданғанын айтты.

"Менің ойымша, жаңадан құрылған Құрылтай бұл дәстүрді халықпен өзара іс-қимылда мемлекеттік маңызы бар мәселелерді шешуге арналған қазіргі заманғы саяси институт ретінде жалғастырады", - деді ол.

Құрылтай сайлауы

23 тамызда Қазақстанда жаңа бір палаталы Парламент - Құрылтай депутаттарын сайлау өтіп жатыр. Бұл - 1991 жылдан бергі оныншы парламенттік сайлау және жаңа Конституция қабылданғаннан кейінгі алғашқы сайлау.

Сайлауға 7 партия қатысып жатыр. Құрамы мынадай:

  • "Ақ жол" демократиялық партиясы - 63 кандидат;
  • "Ауыл" халықтық-демократиялық патриоттық партиясы - 69 кандидат;
  • "Әділет" партиясы (құрамына Amanat партиясы кірген) - 186 кандидат;
  • "Байтақ" Қазақстан жасылдар партиясы - 47 кандидат;
  • Қазақстан Халық партиясы (ҚХП) - 72 кандидат;
  • Жалпыұлттық социал-демократиялық партия (ЖСДП) - 33 кандидат;
  • Respublica партиясы - 75 кандидат.

1 шілдеден бастап Қазақстан ресми түрде "жаңа дәуірге" қадам басты. Елде жаңа Конституция өз күшіне енді.

Конституциялық реформадан кейін Мәжіліс пен Сенат жұмысын тоқтатып, депутаттар таратылды. Енді елде қос палаталы Парламенттің орнына Құрылтай жұмыс істейді. Сайлау қорытындысы бойынша жаңа Парламентке 145 депутат кіреді.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз