Қазақстанда Құрылтай сайлауы күні 107 сайлау учаскесі жұмысын таңғы сағат 6-да бастайды. Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясының (ОСК) отырысында белгілі болды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
ОСК мәліметі бойынша 23 тамызда Қазақстанда барлығы 10 423 учаске жұмыс істейді. Оның ішінде 107 сайлау учаскесі жұмысын 06:00-де бастайды.
Таңғы сағат 6:00-де ашылатын сайлау учаскелері әскери бөлімдерде, стационарлық емдеу мекемелерінде, үздіксіз жұмыс істейтін өндіріс орындарында және вахталық әдіспен жұмыс істейтін ұйымдарда, уақытша оқшаулауды қамтамасыз ететін арнайы мекемелерде орналасқан. Мұндай учаскелерде тізімге енгізілген барлық азамат дауыс беріп болса, кез келген уақытта дауыс беру аяқталғанын жариялауға болады.
Қалған сайлау учаскелері 23 тамызда 07:00-де ашылып, өз жұмысын 20:00-де аяқтайды.
Айта кетейік, алдағы сайлау Құрылтайдың алғашқы сайлауы болмақ. Бүгінде Мәжіліс пен Сенат жұмысын тоқтатып, депутаттар таратылған.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз