Құрылтай қалай жұмыс істейді? Депутаттар регламент қабылдады

Құрылтай қалай жұмыс істейді? Депутаттар регламент қабылдады
Фото: Tengrinews.kz

Депутаттар Құрылтай регламентін қабылдады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Құрылтай регламенті жаңа Конституция нормаларына, "Қазақстан Республикасының Құрылтайы және оның депутаттарының мәртебесі туралы" конституциялық заңға сәйкес әзірленген.

Құжат Құрылтай депутаттарының қызметін реттейді. Регламент - Құрылтай қызметін айқындайтын кешенді құжат. Ол Парламенттің және оның палаталарының бұрын қолданыста болған регламенттеріне сүйеніп әзірленген.

Не өзгереді?

Құрылтайдың бір палаталы моделін және оның жаңа жүйесін ескере отырып, отырыстарды өткізу тәртібі біріздендірілген, ал терминология жаңа Конституцияға сәйкестендірілген.

Құрылтайда заң жобаларын қарау тәртібі айтарлықтай өзгертілген. Заң жобаларын қараудың үш кезеңі белгіленді:

  • Бірінші оқылымда заң жобасының негізгі ережелері, мақсаттары мен міндеттері талқыланады.
  • Екінші оқылымда бас комитеттің салыстырмалы кестесіне енгізілген түзетулер қаралады.
  • Үшінші оқылымда заң жобасының түпкілікті редакциясы Конституцияға сәйкестігі және құқықтық олқылықтарды жою тұрғысынан қаралады.

Бұл ретте халықаралық шарттарды ратификациялау (денонсациялау) екі оқылымда қаралады.

Қазақстан Халық Кеңесіне қатысты

Жаңа конституциялық орган - Қазақстан Халық Кеңесімен өзара іс-әрекет жасау тәртібі жеке регламенттелген. Оның өкілдері өз өкілеттігі шегінде тыңдауларға, тұрақты комитеттер мен жұмыс топтарының отырыстарына қатысуға құқылы.

Еске салайық, 1 шілдеден бастап Қазақстан ресми түрде "жаңа дәуірге" қадам басты. Елде жаңа Конституция өз күшіне енді.

Конституциялық реформадан кейін Мәжіліс пен Сенат жұмысын тоқтатып, депутаттар таратылды. Енді елде қос палаталы Парламенттің орнына Құрылтай жұмыс істейді. 

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget