- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Құрт жасап, табыс...
Құрт жасап, табыс тауып отырған ұлытаулық әйел кәсібінің құпиясын бөлісті
Ұлытаулық Гүлмира Дүкенбаева сиыр сүтінен құрт жасап пайда тауып отыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "24kz" сілтеме жасап.
Алғашында көрші-қолаңның тапсырысын орындаған кәсіпкердің бүгінде бір ауылдың сұранысын өтеуге
шамасы жетеді. Тіпті Қазақстанның әр өңірінен тапсырыс қабылдайды. Ауылдағы қарапайым келіншектің
табысты кәсіпті игеруіне мемлекет ұсынған 3 миллион теңге қайтарымсыз грант қолдау болған.
Гүлмира Дүкенбаеваның мамандығы - тарих пәнінің мұғалімі. "Құрт бизнесіне ойда жоқта келдім", - дейді.
Ауылдастарының өтінішімен "Бір ауыл - бір өнім" жобасына қатысқан ол Кәсіпкерлер палатасының қысқа
мерзімді курсын аяқтап, осы істі бастаған. Аудан әкімінің 3 млн теңге қайтарымсыз грантын ұтып, бірнеше
бас сиыр сатып алған. Қазір ол үйінің бір бөлмесінен ашқан шағын цехта сиыр сүтінен 15 түрлі құрт
жасайды.
"Гранттың ақшасына өзімізге қажетті құралдарды сатып алдық. Оның біреуі сиыр сауатын аппарат.
Одан кейін құрт кептіретін аппараттар. Өнімді шығаруға, әкелуге мысалға осының бәріне қажетті
заттарды сатып алуға үлкен көмек болды", - дейді Гүлмира Дүкенбаева.
Гүлмираның отбасылық кәсібі аудан жұртшылығына жақсы таныс. "Күн санап сұраныс артып келеді", -
дейді. Кәсіпкер басында сүзбе және қайнатылған құрт сатқан. Кейін тұтынушылардың тілегі бойынша
түрлі дәмдеуіштер мен қымыз, ірімшік араластырып жасайтын болған.
"Ауылымызға келген кісілерге, сәлем беріп келген кісілерге сүт өнімдерін, тамақтарын, құрт-
ірімшіктерін сый-сияпат ретінде ұсыну үшін сатып аламыз. Көп түрде түрлендірген және
тұтынушыға ұсына білуде өте жақсы сауаттылық бар", - Ұлытау селосының тұрғыны Жанар Жұмабаева.
Тұрғын саны 12 мыңнан сәл ғана асатын ауданда 1500-ге жуық кәсіпкерлік нысаны тіркелген. Соңғы
жылдары қызмет көрсету саласы қарқын алып келеді. Дайын өнім шығаратын 4 ірі кәсіпорын жұмыс істеп
тұр.
"Ауыл шаруашылығына жақсы көңіл бөліп отыр. Ауыл шаруашылығында сүт өнімдерін, құрт, май,
ірімшік. Құрт пен ірімшікті әр түрлерін жастарымыз жетік меңгеріп алған. Одан бөлек, қымыз.
Қымызды тапсырыспен орындайды және сату орындарына апарып, Жезқазған, Сәтбаев қалаларына
жеткізіліп отырады", - Ұлытау аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Гүлнар Ауғанова.
Бизнес бастауға немесе кәсібін кеңейтуге ниетті жастарға қолдау зор. Бұл ретте ауданда кенжелеп тұрған
кәсіп түрлеріне басымдық беріледі. Мысалы, былтыр аудан әкімінің грантын жеңіп алған жас кәсіпкер
балабақша ашқан. Яғни, аянбай адал еңбек еткен ұлытаулықтар кәсіп түбі - нәсіп екенін өз істерімен
дәлелдеп отыр.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Б. Жұмаділлә