Құрсақ шашу vs гендер-пати. Қос дәстүрдің байланысы бар ма?

Құрсақ шашу vs гендер-пати. Қос дәстүрдің байланысы бар ма?
Фото: коллаж: depositphoto, qarmaqshy-tany.kz

АҚШ-тан бастау алған гендер-пати дәстүрі әлемді жаулады. Жастар арасында трендке айналған үрдіс қазір ысырапшылдыққа да бой алдырып барады. Қазақстандықтар арасында бұл дәстүрді құрсақ шашу дәстүрімен де байланыстырып жатқандар бар. Анығын Massaget.kz тілшісі этнографтан сұрап көрді. 

Ең алғашқы гендер-пати қашан тойланды?

Гендер-пати (gender reveal party) - баланың жынысын анықтау кеші. Оның тарихы шамамен 2000-жылдардың басынан басталады. Бұл дәстүр алғашында АҚШ-та кең таралған, кейін әлеуметтік желілер арқылы бүкіл әлемге тарап, трендке айналды. Онда болашақ ата-аналар достары мен туыстарын шақырып, бала жынысын білу сәтін ерекше, әрі әсерлі етіп көрсету үшін арнайы кеш ұйымдастырады.

сурет: depositphotos.com

Алғашқы гендер-пати рәсімін 2008 жылы американдық блогер Дженна Карваччио Лопес өткізді. Ол бұл идеяны өз блогында жариялағаннан кейін көпшілік назарын аударды. Дәстүр бастапқыда қарапайым болатын. Мысалы, торттың ішін көк немесе қызғылт түске бояп, кескен кезде жынысы белгілі болады. Уақыт өте келе, бұл шара әлеуметтік желілердің көмегімен күрделеніп, танымалдылығы артты. Қазір ата-аналар гендер-пати кезінде түрлі креативті тәсілдер қолданады: түсті түтін шашу, шар жару, түрлі-түсті конфетти қолдану және т.б.

Әлемдегі ең қымбат гендер-пати

Әлемдегі ең ерекше әрі қымбат гендер-пати 2021 жылы араб миллиардері Саид Гутсериевтің отбасында өтті. Олар баланың жынысын анықтау үшін Дубайдағы Бурдж Халифа ғимаратын жарық шоуымен безендіріп, ғимараттың сыртына "Бұл ұл!" деген хабарламаны үлкен көк әріптермен шығартты. 

 сурет: видео кадры

Шоуға шамамен 100–120 мың доллар көлемінде қаржы жұмсалғаны айтылады. Бұл жағдай БАҚ назарын аударып, әлеуметтік желілерде үлкен пікірталас тудырды.

сурет: видео кадры

Құрсақ шашу дәстүрін дұрыс тойлап жүрміз бе?

Құрсақ шашу - қазақ мәдениетінде ұзақ уақыт бойы сақталып келе жатқан ерекше дәстүр. Бұл дәстүр болашақ ананы қолдап, қуанышына ортақтасу үшін ұйымдастырылады және отбасының, ру мен ауылдың жақын әйелдері жиналып, ананың аман-есен босануын тілеп, ізгі ниеттерін арнайды.

"Салт-дәстүр әлеміне саяхат" кітабының авторы, этнограф Бердалы Оспан құрсақ шашу дәстүрін атап өту ережелері жайлы айтып берді:

"Құрсақ шашуды келіннің енесі жасайды. Келген келіншектер аяғы ауыр келінге өзінің сыйлықтарын әкеледі. Шамамен, келіннің денсаулығына керек жақсы тағамдар, көңілін көтеру үшін сый-сияпаттар әзірлейді. Басты мақсаты - құрсақ көтерген әйелдің көңілін аулау. Одан бөлек, жүкті әйелге ауыр жұмыс істеуге болмайды. Оны ауылдың тіршілігіне салмау керегін, қолдау білдіріп, күтім көрсетудің маңызын білген. Аяғы ауыр болғанын көршілері қайдан біледі? Міне, осындай жақсы жаңалықты естірту үшін де үйге қонақ шақырып, әйелдерге жария ету керек", - дейді ол. 

сурет: didarbek.kz 

Құрсақ шашу мен гендер патидің ұқсастығы

Этнограф құрсақ шашу дәстүрінің көбі білмейтін құпиясын ашты. Оның айтуынша, қазір жастар тойлатып жүрген гендер-пати кешінің ұлттық дәстүрмен мынадай ұқсастығы бар: 

"Баланың жынысына қатысты мынадай ырымдар да болған. Отау құрып жатқан жұпқа емізік сыйланатын. Емізікті бірінші тұрмысқа шығып жатқан қыз аузына салса, қыз туады деп, үйленіп жатқан жігіт бірінші ауызына салса, ұл бала туады деп ырымдаған", - дейді мәдениеттанушы.

 сурет: жеке архивтен

Сондай-ақ ол қазақ салттарының әдеби шығармалармен жетіп отырғанын айтты. 

"Қазақ дәстүрлерінің көбі М.Әуезовтің "Абай жолы", Б.Соқпақбаевтың "Өлгендер қайтып келмейді", Ә.Нұршайықовтың "Махаббат, қызық мол жылдар" сынды шығармалар арқылы бізге жеткен. Әр салттың қалай өткізілуі керектігі үлкен зерттеуді қажет етеді. Біз кейде үйлену тойды да дұрыс өткізіп жүрген жоқ сияқтымыз. Мысалы, Асанәлі Әшімов үйлену тойда төрде жастардың отыруын құптамаған. Өзінің тойында төрге отырмағанын, керісінше, үлкендерді отырғызғанын айтады. Бұл - үлкенді сыйлауды ұмыттырмайтын салт" деп айтқан екен. Сол сияқты қазақтың бірнеше жүздеген салты бар. Оның барлығы үлкен зерттеуді талап етеді", - деп қосты Бердалы Оспан.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Д. Литпин