Күй - қазақтың қанына біткен қасиеті. Күй десе, делебесі қозбайтын қазақ жоқ. Қазақ халқының өмір жолы, тарихы, болмысы, күллі рухани құндылығы қара домбыраның киесінде сақталған. Содан болар "нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ - домбыра" дейтініміз де. Қазақтың күйшілік өнер тарихында есімі қатар жүретін тұлғаның бірі - Құрманғазы Сағырбайұлы. Құрманғазының өнері мен өмірі таспаланған туынды жуырда қалың көрерменге мультсериал түрінде жол тартты. Ұлттық өнер насихатталған көркем өнердің астарында ұлт тарихы тұтасқан. Жоба авторлары да өскелең ұрпақ бойына ұлтжандылық қасиеттерді дарытатын, ұлы тұлғалар мұрасын дәріптейтін дүние шығаруды мақсат тұтқанын айтады. Massaget.kz тілшісі 13 бөлімнен тұратын "Құрманғазы" мультсериалын бейнелеген Tasqyn studio-cының процесс менеджері Еркежан Бекжігітовамен сұхбаттасып, жұмыс барысында қандай қиындықтар туындағанын, қандай деректер пайдаланылғанын сұрады.
"Құрманғазы" мультсериалының 16 наурызда 1-бөлімі көрерменге жол тартқан. Жуырда 2-бөлімі жарық көреді. Бұл жоба "Дала Шырқауы" деп аталады.
Бұл Tasqyn studio-сының бірінші жобасы емес. Бұдан бөлек компания - "Алдар" және "Серіктес" деп аталатын да жобалардың авторы. "Алдар" мультсериалының желісі Алдар Көсе тұралы шытырман оқиғаларға құрылған.
"Құрманғазы" мультсериалының авторы әрі шоураннері - Санжар Жүсіп. Бұл жоба бойынша 9 топ жұмыс істеген. Көпшілігі режиссер екен.
"Біздің жобада суретшілерден, композерлерден, сценаристерден тұратын 9 топ жұмыс атқарады. Өзім процесс менеджерімін. Әріптестерім өнер саласында білім алған. Көбі - режиссерлер", - дейді жобаның процесс менеджері Еркежан Бекжігітова.
Жоба авторларының бірі Құрманғазы туралы мультсериал шығару идеясы қайдан келгенін айтты. Бұл идеяға әкелген күш күй атасының ұлы туындылары екен. Ұлттық мұрадан шабыт алған өнерпаздардың жобасы әлі де жұмыс үстінде.
"Біз ұлы Құрманғазының күйлерінен шабыт алдық және әр күйге біздің сериалда қазақ халқының тарихы енген. Әр күйдің өз тарихы бар, күйдің пайда болуына сол кезде болып жатқан тарихи оқиғалар және халықтың толғауы әсер етті. Ал қазіргі кезде күй тыңдасақ та оның мәніне назар аудармаймыз. Көбі үшін бұл - жай ғана әдемі әуен, бірақ іс жүзінде әр күйдің тарихы керемет. Жобаны толық аяқтау үшін жарты жыл қажет, өндіріс әлі де жалғасып жатыр", - дейді Еркежан Бекжігітова.
Мультсериалдың 1-бөлімінен бастап Құрманғазы Сағырбайұлының өмір тарихы мен қазақ тарихы, ұлы тұлғалар есімі бір-біріне сабақтасқаны көрінеді. Алғашқы бөлімде Құрманғазының ұлы өнер жолына түсуіне себепкер болып, күйшілік өнерді бастауына әсер еткен Ұзақ Мырзабайұлы екені айтылады. Құрманғазының бұл жолға түсуіне әкесі қарсы болған. Алайда кейін оның есімі төрткүл дүниеге таралды. Ал бұл жолда Ұзақ Құрманғазыға батасын берген.
"Құрманғазы" мультсериалында әр деталь, дерекке тіл біткен. Жоба авторлары мұның себебін тарихи деректен алыстамаумен байланыстырады. Сондай-ақ, мамандардың пікірі негізге алынған.
"Деректерді шоураннер мен оның командасы іздеді. Абылай Төлепбергенмен, Құрманғазы атындағы оркестрдің дирижерімен кеңесіп, көптеген кітаптан және Қазақстан тарихын жақсы білетін ғалымдардан жинадық. Оған қоса аңыздарды, халық әңгімелерін және қазақ этносын зерттедік", - дейді жоба авторларының бірі.
Дегенмен жоба барысында қиындықтар да туындаған. Соның бірі осы ақпарат қорына байланысты болған.
"Жоба барасында болған қиындылықтардың бірі - тарихи деректердің аздығы. Мысалы, Ұзақ - Құрманғазының өміріндегі ең маңызды адамдардың бірі, бірақ ол тұралы ақпарат тапшы болды", - дейді ол.
Бірақ бұл студияның жетістіктері де аз емес. Олар анимация саласындағы кейінгі технологиялардың бірі бойынша жұмыс істейді.
"Ең қызығы - біздің өндіріс. Өйткені суретшілер бірнеше қалада жұмыс істегендіктен, жұмыстың басында көп қиыншылық көрдік. Ал қазір анимация саласындағы ең алғашқы IT Scrum өндіріс әдісін қолданатын студия саналамыз", - дейді жобаның процесс менеджері Еркежан Бекжігітова.
Жоба авторлары дәл Құрманғазы образын бекер таңдамаған. Олардың бұл мультсериал арқылы қоғамға, өскелең ұрпаққа өзіндік айтар ойы, өнегесі болған.
"Құрманғазы - даланың ең ұлы композиторы, оның өмірбаяны ерекше және өте қызық. Мен Құрманғазыны және күйлерін мүмкіндігінше көп адам білгенін қалаймын. Біз әрбір қазақстандықтың өз тарихын, салт-дәстүрін білгенін, өз мәдениетін жақсы көргенін және Құрманғазы, Дина Нұрпейісова, Сүгір, Қазанғап сияқты ұлы күйшілердің қалдырған мұраларын бағалағанын қалаймыз", - деп түйіндеді әңгімесін жоба авторларының бірі Еркежан Бекжігітова.
Дарынды, талантты, өз ісін шын сүйетін жастар барда, шынында да, қазақ өнері өлмейтінін байқауға болады. Қазақтың кең даласындай күйлері де жаңа бағыттағы осындай мультсериалдар арқылы кең тарап, көптің ұлттық намысын оятады деген сенім мол.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!