- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Құрғақшылықтан зардап шеккен...
Құрғақшылықтан зардап шеккен павлодарлық шаруалар Президентке хат жолдады
Құрғақшылықтан зардап шеккен павлодарлық шаруалар Президентке хат жолдады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Екі жүзден аса кәсіпкер құғақшылыққа байланысты өңірде төтенше жағдай жариялатпай отырған жергілікті билікке өкпелі. Олардың сөзінше, ешқандай қаржылай қолдау немесе басқа да көмек көрмеген. Ендігі бар үміттері Президентте.
233 шаруашылықтың мөрі басылған хаттың қысқаша мазмұны мынадай: биыл жаздағы аптап ыстықта павлодарлық дихандардың елуден сексен пайызға дейін егіндері күйіп кеткен. Жұмысшылардың жалақысы мен несиелерін жабатын қаражатсыз қалды. Бағасы төмендетілген жанар жағармай да алмаған. Қаржылай қолдауға құжаттарын тапсырғанымен оның қолға қашан тиетіні әзірге белгісіз.
"Төтенше жағдай керек. Одан басқа бізде өзімізде алып жатқан техника бар, тағы одан басқа кредиттер бар. Оның бәрін жабатын бізде қазір мұршамыз жоқ", - дейді фермер Сейтенәлі Абзалов.
Егіні күйіп кеткен дихандардың қалған алқаптардан алар өнімдері де арзымайды. Олар ары кетсе гектарына 4-5 центнерден ғана шығым болатынын айтады. Қазір бидайдың тоннасы 75 мың теңге ғана. Оның өзінде диірмендер Ресейдің арзан астығына жүгіреді. Жауапты мекеме зардап шеккендердің тізімін түзіп, Астанаға жолдапты.
"Қазіргі таңда біз зардап шеккен шаруашылықтардың тізімін пысықтадық. Министрлікке жолдадық. Осы жұмыстарды жүргізіп жатырмыз. Ауыл шаруашылық бағытындағы қаржы институттарының басшыларымен де жұмыс істеп жатырмыз", - дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Марат Ақтаев.
Несиені дер кезінде қайтармаса, кепілге қойған дүние мүліктерін тартып алуға банктер де дайын отыр. Ал кредит төлеу уақытын кейінге қалдыру үшін Үкімет төтенше жағдай жариялау керек екен. Аймақта техногенді төтенше жағдай жарияланбаса, қаншама шағын шаруашылық құрдымға кетуі мүмкін.
Есенбек Санатұлы
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
Massaget.kz