- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Құрғақшылыққа байланысты төтенше...
Құрғақшылыққа байланысты төтенше жағдай енгізілуі мүмкін бе? Қошанов жауап берді
Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов шаруалардың мәселесіне байланысты бірнеше өңірде төтенше режимін енгізуге қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Мәжіліс депутаттары ауа райының салдарынан егінінен айырылған Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Павлодар және Қостанай облыстарында төтенше жағдай режимін жариялау туралы өтініш білдірді.
Қошановтың айтуынша, Мәжіліс депутаттары бұл мәселемен күн сайын айналысып жатыр.
"Төтенше жағдай қалай жарияланады? Өңірлік, аудандық, облыстық және республикалық ауқымдағы төтенше жағдай бар. Сондықтан қалыптасқан жағдайға сүйеніп, жергілікті атқарушы органдар төтенше жағдайды жариялау немесе жарияламау туралы шешім қабылдайды", - деп мәлімдеді Қошанов.
Айта кетейік, бұған дейін Мәжіліс депутаттары Айдарбек Қожаназаров пен Асхат Рахымжанов Қазақстанның бірнеше өңірі биыл құрғақшылықтан қатты зардап шеккенін айтқан еді. Олар Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Павлодар және Қостанай облыстарында төтенше жағдай режимін жариялауды ұсынды. Оған қоса, "әкімдік ТЖ қалай жариялау керегін бірнеше ай анықтап, уақыт жоғалтатындықтан", ТЖ режимін жариялау алгоритмін реттеуді ұсынды.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда келесі жылы астық тапшылығы байқалуы мүмкін екені хабарланған болатын. Мұндай мәселені Мәжіліс отырысында депутат Аян Зейнуллин көтерді.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
Б. Жұмаділлә