- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Құрғақшылық" немесе өрт...
"Құрғақшылық" немесе өрт сөндірушілер алапат өртке дайын ба?
2023 жылы 8 маусым күні Семей орман резерваты өртке оранды. Салдарынан 14 адам қайтыс болды, жергілікті әкімдік пен жауапты тұлғалар сөғіс алды. Биыл тілсіз жаудың алдын алу үшін министрлік қандай істер атқаруда? Үлкен алапат өртке дайынбыз ба? Massaget.kz тілшісі ТЖМ Өртке қарсы қызмет комитетіне сауал жолдады.
Былтыр болған Семей орманындағы алапат өртке байланысты Премьер-министр Олжас Бектенов биыл өрт қауіпсіздігіне аса мән беру керегін айтты.
Фото: Үкімет баспасөз қызметі
Ол жыл сайын елімізде мыңға жуық табиғи өрт болатынын атап өтті.
"Тілсіз жау адам өміріне, мүлкіне, сол сияқты қоршаған ортаға да орасан қауіп төндіреді. Өткен жылы 116 мың гектардан астам орман қоры өртеніп кетті. Еліміздегі орман алқаптары онсыз да өте аз, олардың аумағы өрт салдарынан жыл сайын сиреп барады. Экологияға келтірілген зиянды есептемегенде, материалдық шығын 160 миллиард теңгеден асып түсті. Қазгидрометтің болжамына сәйкес, биыл жаз айлары ыстық әрі құрғақшылық болады деп күтілуде", - деді Олжас Бектенов үкімет отырысында.
Қазгидромет не дейді?
Ұзақмерзімді ауа болжамы басқармасының басшысы Жұлдыз Исабекованың айтуынша, жаз өткен жылдан қарағанда ыстық әрі құрғақ болады.
"Қазгидромет" 2024 жылды болжау үшін 2001-1994 жылғы ауа райы қарастырылған. 2001 жылғы ауа райы 1 және 5°C нормадан жоғары болған. Ал биыл 1-2 °C қана жоғары болады деп күтілуде.
"2001 жылы жауын-шашын мөлшері біз күткеннен төмен болған. Мұны ескерсек, Орталық Қазақстан мен Оңтүстік өңірлерде жауын-шашын мөлшері аз болады деп пайымдауға болады, ал қалған облыстарда жауын-шашын мөлшері норма шамасында күтіледі. Шілде мен тамыз айларында Оңтүстік-батыс, Орталық және Оңтүстік өңірлерде жауын-шашын тапшылығы болуы ықтимал", - деді сарапшы.
Мамырда ел өңірінде жауын деңгейі қалай болады?
"Синоптикалық болжамға сәйкес мамыр айында жауын – шашын мөлшері республиканың басым бөлігінде нормаға жуық, Ұлытау облысында, Қызылорда облысында, Ақтөбе, Қостанай облыстарының оңтүстік-шығысында, Ақмола облысының оңтүстік-батысында, Қарағанды облысының батысында, Түркістан, Жамбыл облыстарының солтүстік-батысында нормадан аз, нормадан көп болып Батыс Қазақстан және Атырау облыстарының батысында болжанады", - деп мәлімет берді Агрометеорологиялық мониторинг және болжам департаменті.
Биыл өртке қарсы қарсы қандай іс-шаралар қолға алынады?
Өртке қарсы қызмет комитетінің дерегінше, жыл сайын 4 мыңға жуық дала өрті болады. Жыл басынан бері өрт 27 орман, 122 дала өрті тіркеліп үлгерген. 2023 жылғы өрт қауіпті кезеңде 810 орман өрті болды, 116 мың гектардан астам орман жойылды, экологияның зиянын есептемегенде тікелей материалдық зиян 163 млрд теңгеден асты.
"Мемлекеттік органдар 2024 жылғы өрт қауіпті кезеңде ел аумағында орман және дала өрттерінің пайда болу және оларды жою тәуекелдерін азайту жөніндегі республикалық іс-шаралар жоспарын іске асыру бойынша жұмыс жүргізуде. Төтенше жағдайлар министрлігі Экология және табиғи ресурстар министрлігімен бірлесіп, "Төтенше жағдайға әрекет ету кезінде басқару және өзара әрекеттесу алгоритмі" бекітілді (бұдан әрі – әрекет ету алгоритмі), ол қызметтің 7 режимін көздеген. Олардың әрқайсысына орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың нақты міндеттері мен іс-қимылдары айқындалды, орман өрттеріне қарсы күрестегі халықаралық тәжірибе зерделеніп, тиісті ұсыныстар әзірленді", - делінген өртке қарсы қызмет комитетінің жауабында.
Сондай-ақ бірнеше жауапті орган табиғи өрттерді биіктен сөндіруді ұйымдастыру үшін су төгетін құрылғылары бар тікұшақтарды тарту тәртібін бекіткен.
Фото: Төтенше жағдайлар министрлігі баспасөз қызметі
"Әрекет ету алгоритмінің және Тарту тәртібінің өзектілігі 2023 жылғы 17-18 қазанда Ақмола облысында Республикалық кешенді өрт-тактикалық оқу-жаттығу барысында тексерілді, оның шеңберінде республикалық азаматтық қорғау қызметтерінің өкілдерімен штабтық жаттығу өткізілді, сондай-ақ азаматтық қорғау мемлекеттік жүйесінің практикалық іс-қимылдары пысықталды. Осындай оқу-жаттығулар ағымдағы жылғы 15-16 мамырда Абай облысында республикалық форматта өткізілуде. Аталған оқу-жаттығулар мүдделі орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар арасындағы өзара іс-қимыл деңгейін нығайтуға ықпал ететінін ескере отырып, мұндай оқу-жаттығулар жыл сайын өткізілетін болады", - деді ведомство.
Бүкіл өңірлерде орман шаруашылығы мекемелерімен 53 өрт-тактикалық оқу-жаттығу өткізілді. ТЖМ-ның оқу орталықтарында орман күзетінің 1 300 қызметкері оқытылды.
Өңірлерде іс-шаралар жоспарлары бекітіліп, тиісінше алдын алу шаралары жүргізілуде. 2 338 елді мекенде құрғақ өсімдіктер мен жанғыш қоқыстардан тазарту жұмыстары жүргізілді, 7 мың шақырымнан астам минералданған жолақтар құрылды. Сондай-ақ, шаруа қожалықтары бойынша жұмыскерлер мен басшыларға нұсқау беру, алғашқы өрт сөндіру құралдарының бар-жоғын тексеру, ұсынымдары бар арнайы жадынамалар тарату арқылы аралау жүргізіледі.
Өрт қауіпсіздігін бұзған адам қандай жауапкершілікке тартылады?
Орманды дала алқаптарында өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау мақсатында 722 мобильдік топ құрылды, олар 2 мыңнаң астам бірлескен рейд (патрульдеу) жүргізді, өрт қауіпсіздігі қағидаларын бұзғаны үшін 8 млн 113 мың теңге сомасына 631 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Бүгінгі таңда елімізде қанша өрт сөндіруші бар?
Төтенше жағдай министрлігінде 18 мыңнан астам өрт сөндіруші бар. Өрт сөндіру қызметтерінің балансында 3 300-ден астам әртүрлі функционалдық мақсаттағы техника бар.
Фото: Төтенше жағдайлар министрлігі
"Мемлекеттік өртке қарсы қызмет бөлімшелері жоқ елді мекендердегі және дала аумағындағы өрттерді алдын алу және жою үшін ерікті өртке қарсы құралымдардың тартылады. Барлығы ел аумағында 241 ЕӨҚҚ құрылды. Бүгінгі таңда республикада 720 өрт сөндіру бекеті құрылды", - делінген жауапта.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
Ж. Ордабаев