Алматыда inDrive такси және жеткізу қызметінің курьері 10 мың теңгенің тапсырысын жеткізуге алып кетіп, тамақты клиентке жеткізбей жоғалып кеткен. Бұл туралы зардап шегуші - Алматыдағы мейрамханалардың бірінде жұмыс істейтін Ася есімді қызметкер айтып берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Алматылық Асяның сөзінше, оқиға бүгін түнде болған.
"Мен inDrive арқылы курьер шақырдым. Клиенттер ақшасын төлеп қойған тауарды курьерге беріп, жеткізуі үшін тағы 2 мың теңге қосып бердім. Курьер тапсырысты жеткізбей, жоғалып кетті. Клиент 10900 теңгеге тапсырыс берген болатын. Аз ақша болғанымен клиенттер ақыры тамақты ала алмағаннан кейін маған сол ақшаны қайтаруыма тура келді. Ол ақшаға үйімдегі жарықтың ақшасын төлеуім керек еді, бірақ оны курьерге беріп жібердім", - дейді Ася.
Ася бұл жағдайға қатысты inDrive-дың өзіне жазған. Алайда Ася олардан пайда жоқ дейді.
"Курьерлердің ұрлық жасауын біреуін тоқтата ала ма? Тапсырыс берген мейрамханамыздың клиенттері де қатты ренжіді, түрлі сөз айтты. Сонда курьерлер ұры болғаны ма? Оларға қалай сенуге болады? Егер компания өзінің қызметкерлеріне жауап бермесе біреуге қалай сенеміз?", - дейді Ася.
Massaget.kz тілшісі мәселенің мән-жайын анықтау мақсатында inDrive өкілдерімен байланысты. Компания өкілдері болған жағдай туралы нақтылау үшін мәселені зерттейтіндерін айтты.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз