Атырау облысында ауылдық медициналық пункт күзетшісінің өлімі тергеліп жатыр. 59 жастағы әйелге бекітілген аумақтағы шөпті шабу тапсырылған, алайда бірнеше сағаттан кейін оның мәйіті табылды. Ресми нұсқа бойынша, әйел миына қан құйылудан қайтыс болған. Бірақ марқұмның жақындары шындықтың бұдан әлдеқайда қорқынышты екеніне сенімді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Телеарна мәліметінше, Афанасьев ауылында Клара Кенжеғалиеваның көз жұмғанына жеті күн болған. Қолына күрек ұстаған күйі тіл тартпай кеткен әйелді өз ұлы тауып алған.
Туыстарының айтуынша, марқұм күзетші болғанымен, бұл ғимараттың сыртқы тазалығына да жауапты болыпты. Қаза болардан бірер күн бұрын басшылық комиссия келетінін айтып, ауланы тазартуды тапсырған. Мәйітті тауып алған ұлы "анам қолындағы күрегімен бірге жатты" деп отыр. Оның айтуынша,жедел жәрдемдегілер әйелдің денесінен күйік ізін көрген.
- Жедел жәрдемдегілер фотоға түсіріп алды, "керек болады, тіркейміз" деп. Мына жерлерін көтеріп, білектерін, арқасын аударып қарады, фотоға түсірді.
- Денесінде күйік болды ма?
- Болды. Терісі сылынып кеткен, содан жарып шыққан гой, сол жерден қан тоқтамаған.
Мәйітханадағы дәрігерлер Кенжеғалиева миына қан құйылудан қайтыс болды деген қорытынды шығарған, алайда сюжетте бұл жақындарына күмәнді болып көрінгені айтылады.
"Осы тордың ішінде құлап жатқан, мына бала өзі келіп шығарған. Есігі кілттеулі, айналып келіп артынан кіріп, "мынаның шөбін шауып тазала" деген соң, өзіне сөз келмесін деп, барынша істей берейінші деген. Осындай жағдаймен апамыздан айырылдық. Осыдан кейін сараптамаға жібергенде, "миына қан құйылған" дейді. Мен бұл диогназбен келіспеймін. Арқасы неге күйіп кеткен?", - деді марқұмның ағасы Сәрсенбай Кенжеғалиев.
Шындықты анықтауға бейнебақылау камералары көмектесе алар еді, бірақ олар істен шыққан болып шықты. Ал медициналық пункт басшылығы күзетшіден қауіпті нысандардың маңындағы шөпті тазалауды ешкім сұрамағанын мәлімдеді.
"Кеше де естідім, сіздер сондай бұйрық берген екенсіздер деген. Бізден ондай бұйрық шыққан жоқ. Алайда айналаны таза ұстаңыздар, шөптен тазалаңыздар деген аудионы естідім. Сол жақтағы мейірбикенің айтуы бойынша, қандай тапсырма бердіңіздер, неге ол кісі арттағы шөпті шауып жатыр, неге генератор ішіне кіріп отыр, неге трансформатордың ішіне кірді дегенде, "ондай айтылған жоқ" дейді", - деп түсіндірді Құрманғазы аудандық ауруханасының директоры Саида Зұлқашева.
Қазір марқұмның отбасы шындыққа қол жеткізіп, кінәлілерді табуға тырысып жатыр. Олар прокуратураға жан-жақты әрі әділ тергеу жүргізуді талап етіп арызданды.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
Massaget.kz