Курчатов қаласы орналасқан Павлодар облысының 11 мың гектар жер телімі Абай облысының қарамағына өтетін болды. Өңірдің жер қатынастары басқармасының қаулысын облыстық мәслихат депутаттары бір ауыздан мақұлдады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Кеңес одағы кезінде әскери жабық қалашық болған Курчатов Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін Семей облысына қараған. Кейін Шығыс Қазақстан облысы өтті. Алайда географиялық карта бойынша Курчатов қаласы орналасқан 11 мың гектар жер Павлодар облысына тиесілі еді.
2022 жылы Президенттің жарлығымен Шығыс Қазақстан облысының 8 ауданы және Семей мен Курчатов қалаларын бөлу арқылы Абай облысы құрылған еді. Осыған байланысты Курчатов қаласы орналасқан Павлодар облысының жерін Абай облысына беру жөнінде Үкіметке ұсыныс енгізілді.
"Курчатов қаласының жалпы ауданы - 11 мың гектар. Оның 9,1 мың гектары - ауыл шаруашылығы алқаптары. Павлодар облысына Курчатовтан салық түспейді. Жер және мүлік салығы Курчатов қаласының бюджетіне түседі. Ұсынылып отырған шешім Павлодар мен Абай облыстарының шекарасын реттеуге мүмкіндік береді", - дейді Павлодар облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Мұрат Хамитов.
Павлодар облысының шекарасын өзгерту туралы ұсыныс Үкіметке жолданды.
Е.Базарқұл
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!